Нұрбақыт ТЕҢІЗБАЕВ, олимпиада жүлдегері, Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы: Лондон жетістігі қайталанса, таңданбаймын

Сұхбат

 Грек-рим күресінен Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев қазір танымал спорт функционеріне айналды. Жас маман Алматы облысындағы дене шынықтыру және спорт саласынан басшылық жасап, жас буынның спортты өміріне серік етуіне зор еңбек сіңіріп келеді. Жақында Н.Молдахметұлын сөзге тартып, көкейіміздегі біраз сұраққа жауап алдық.

 

– Қырық жылдан бері қазақ балуандары олимпиада алтынын ала алмай келе жатыр. Өзімізді балуан, күрескер ұлт санайтынымыз рас. Неге жолымыз болмай жүр? Осыған бүрынғы белсенді спортшы, бүгінгі маман ретінде ой жүгіртіп көрдіңіз бе?

– Олимпиада алтынын алу – әр спортшының үлкен арманы. Мен де кезінде солай армандадым. Жақсылық Үшкемпіровтің бір жақсы сөзі бар еді. «Өзімнен кейін күрестен олимпиада алтынын алған қазақ баласының маңдайынан сүйсем» дейтін даңқты ағамыз. Бірақ Жақаңның арманы орындалмады, енді біз солай үміттенеміз. Менің де олимпиада чемпионы болғым келді, бізден кейінгі жігіттер де тырысып, еңбектеніп жатыр. «Қазақ балуандары күрестен олимпиада чемпионы атанады» деген үмітке сенім әрқайсымыздың кеудемізде бар. Олимпиада – өте қиын, күрделі дода. Онда мықтының мықтысы, расында да мыңнан тұлпар топ жарады. Бірақ менің ойымша, олимпиадада бақ та, бап та бір-біріне сәйкес келуге тиіс.

– Грек-рим күресінде олимпиада жолдамасы әзірше Мейрамбек Айнағұловта (60 келі) және Асқат Ділмұхамедовте (77 келі) ғана бар…

– Жігіттер әлі де жолдаманы толықтырады. Толықтырып қана қоймай, олимпиадада да жерге қаратпайды. Соңғы іріктеу турнирі көктемде Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Біздің балуандардың дайындығы жақсы. Грек-рим күресінен ғана емес, еркін күрестен, әйелдер күресінен жолдама саны көбейетініне сеніміміз өте зор.

Бірнеше жылдан бері Алматы облысының спорт саласында тізгін қағып келе жатырсыз. Облыстағы спорттың дамуында қандай жетістіктер мен ерекшеліктерді баса айтар едіңіз?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуды, инфрақұрылымдарды дамытуды, оларды қалың бұқараға қолжетімді етуді тапсырды. Мұның бәрі Алматы облысында жіті қадағаланып, ең алдыңғы қатарда орындалып жатыр. Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының өзі де спортшы, волейболдан спорт шебері. Спортқа үлкен қамқорлықпен көмектесіп келеді. Облыстың әр ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып жатыр. Қазір облыста осындай 11 кешен жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін 6 кешен пайдалануға беріледі. Талдықорғанның орталығында әлемдік стандартқа сай келетін олимпиялық жүзу бассейні көктемге ел игілігіне берілмек. Ауылдық жерлерде кіші кешендерге қаражат қарастырылып жатыр. Бұл – жастардың, балалардың спортпен тегін айналысуына зор мүмкіндік. Тек олимпиялық спорт түрлері емес, бұқаралық спорттың дамуына да облыста үлкен мән беріліп жатыр. Спортпен айналысқан адам тек олимпиаданы көздейді деуге болмас, ең алдымен, ол өзін жинақы ұстауға машығады, саламатты өмір салтын қалыптастырады. Алматы облысының спортшылары қазір олимпиадаға 8 жолдама жеңіп алды. Бұл – республика бойынша ең жақсы көрсеткіш, бапкерлер мен спортшылар еңбегінің көрінісі.

– Өзіңіз Токио олимпиадасынан не күтесіз?

– 2020 жылға жоспарланған олимпиада 2021 жылға ауысты. Біздің спортшылар бұл сыннан үлкен олжамен оралады деп сенемін. Еліміздің дамуы тұрақты, спортшыларға барлық жағдай жасалып жатыр. Олар әлемдік деңгейдегі барлық оқу-жаттығу жиындарына қатысады, мықты мамандаран тәлім алады. Яғни зор табысқа жетудің барлық алғышарты бар деуге болады. Боксшылар, жеңіл атлеттер, ауыр атлеттер, садақшылар, қайықшылар осы күндері әлемнің кез келген мықтысымен бәсекелесе алады. Токио олимпиадасында Қазақстан құрамасы Лондон–2012 додасындағы жетістікті қайталап жатса, таңдана қоймас едім.

– Өзіңіз кімге сенесіз, фаворитіңіз кім?

– Боксшылар ішінен Абылайхан Жүсіповке (69 келі), балуан Алмат Кебісбаевқа (67 келі) сенемін. Екі жолдамаға ғана мүмкіндік берілсе де, зілтеміршілер де биік тұғырда тұрады деп үміттенемін.

Естен САБАЛАҚ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *