«Нұр отанның» әлеуметтік бастамасы бойынша
алматылық зейнеткерлер университеттер мен колледждерде компьютерді тегін меңгереді

Нұрлан СҮЙІН
Алматыда биылғы жыл «Зейнеткерлер жылы» болып жарияланған. «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы осы атаулы жыл аясында және «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы негізінде әлеуметтік бастама көтерді. Ол – мегаполис зейнеткерлеріне арналған тегін компьютерлік сауаттылық курстары. Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті мен Алматы мемлекеттік политехникалық колледжі алғашқылар болып қолдаған бұл бағдарлама Елбасы Жолдауындағы «Цифрлы Қазақстан» бағытымен де астасып жатыр. «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының «Е-nsіonery» бастамалы жобасына байланысты баспасөз мәслихаты өтті.
Елбасы Жолдауында айтылғандай, мемлекеттің бүгінгі таңдағы даму талаптарының бірі – қоғам компьютер дәуіріндегі соңғы техникаларды толық меңгеруі қажет. Осы бағытта «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қолға алынып, қызмет көрсету жүйесі электронды форматқа көшуде. Елдің ең үлкен мегаполисі – Алматы бұл бағытта да көш басында болып, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда.
«Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының бастамасымен жасалған «Е-nsіonery» жобасы да осы бағыттағы межелі түрде зейнеткерлерге арналған бағдарлама. Бүгінде филиалдың бастамасын Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті мен Алматы мемлекеттік политехникалық колледжі алғашқылар болып қолдап, жоба осы оқу орындарында жүзеге асуда.
«Е-nsіonery» бағдарламасы негізінен 50 жастан асқан, яғни алматылық зейнеткерлерге арналған. Бағдарламаның бір курсы 40 сағат, сенбі, жексенбі күндері өткізіледі. Бір жарым айда курстан өтіп, компьютерлік бағдарламаларды меңгеріп шыққан тыңдаушыларға тиісінше сертификат беріледі.
Бағдарламаны партия филиалы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру басқармасы арқылы жүзеге асыруда. Яғни басқарманың аудандық бөлімдерінің берген тізімі бойынша бағдарлама қатысушылары курстардан өтеді. «Е-nsіonery» бағдарламасы бойынша компьютерлік сауаттылық сабағына қатысқысы келген зейнеткерлер аудандық әлеуметтік бөлімдерге хабарласса болады. Тегін курстар екі деңгейлі. Тыңдаушылар бірінші кезеңде компьютердің базалық бағдарламалары бойынша сауат ашса, екінші кезеңде графикалық бағдарламалар жасап, веб-сайттар ашу, интернет арқылы сауда жасау сияқты күрделі бағдарламаларды меңгереді.
Қайым-Мұнар ТӘБЕЕВ,
«Нұр Отан» партиясы Алматы филиалы төрағасының орынбасары:
– «Е-nsіonery» бағдарламасы партияның «Ардагерлерді ардақтайық», т.б. әлеуметтік жобаларының аясында жасалып, қолдау тауып отыр. Жобаны жүзеге асыруға ІТ университет пен Политехникалық колледжден басқа да Алматыдағы оқу орындары атсалысады деп ойлаймын. Ең бастысы, жоба бір реттік немесе маусымдық емес, біз мегаполистің курстан өткісі келген барлық зейнеткерлерін қамтимыз деп ойлаймын.
Дамир ШЫНЫБЕКОВ,
Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры, Алматы қалалық мәслихат депутаты:
– Бүгінгі өмірді цифрлық технология бұқаралық ауқымда қамтып отыр. Заманауи технологиямен тең қадам басу қажеттілігі Елбасы Жолдауында, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында айтылған. Осы тұрғыдан келгенде, «Нұр Отан» қалалық филиалының бастамасын қолдауды жөн деп таптық. Бағдарлама межелі түрде қоғамның егде буынына, яғни зейнеткерлерге арналған. Болжам бойынша 2025 жылға елдің аға буыны, зейнеткерлер халықтың 11 пайызын құрайды екен. Міне, осы буын заманауи технологиялық сауатты болуы керек. Елбасы тапсырмасына орай Қазақстан алдағы жылдарда әлемнің технологиялық дамыған, алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің санатында болуы керек. Біз сол қатарға үлкеніміз де, кішіміз де цифрлы технологияны меңгерген қоғам болып жетуіміз керек.
Қазақстанның экономикалық, технологиялық драйвері – Алматы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда. Бұл бағыттағы бастамашылардың бірі –«Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы.