Мәскеу соты Томирис Байсафаның өліміне қатысты істі қайта қарайтын болды

Мәскеу соты Томирис Байсафаның өліміне қатысты істі қайта қарайтын болды
Cурет: Instagram/ahmetova_zhanna

Қыздың құпия өлімі

Мәскеудің Никулин соты Томирис Байсафаны өлтірді деп айыпталған Мұртазәлі Меджидовтың ісін қайта қарайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

РИА Новости хабарлағандай, сот отырысы 19 қаңтарға жоспарланған.

2021 жылдың 7 маусымында алқабилер Меджидовты кінәлі емес деп таныды, бірақ Мәскеу қалалық соты оның күшін жойып, істі қайта қарауға жіберді.

2018 жылдың 13 сәуірінде қазақстандық Томирис Байсафа ММШХҚ-ның төртінші қабатының терезесінен құлап кетті. Қыз Мәскеудегі универсиеттің Халықаралық экономикалық қатынастар кафедрасының 4-курсында оқып жүрген. Дәрігерлер қызға бірнеше ота жасады, бірақ үш аптадан кейін ол ауруханада қайтыс болды. Ресейдің Тергеу комитеті «Өзін-өзі өлтіру» бабы бойынша тергеуді бастады. Кейінірек бұл іс «Кісі өлтіру» бабы бойынша қайта бағаланды.

Екі жылдан кейін 2020 жылдың 28 шілдесінде бұл іске қатысты Мәскеуде Дағыстанның бұрынғы премьер-министрінің ұлы Мұртазәлі Меджидов ұсталды. Тергеу мәліметтері бойынша, Меджидов қызды ұрып, терезеден итеріп жіберген.

Мұртазәлі Меджидов тергеудің бастапқы кезеңінде сұрақ-жауапқа алынды. Трагедия орын алған күні оны Томириспен бір аудиторияда болғанын көргендер бар. Жігіт пен қыздың ұрсысқаны да айтылады. Бірақ оған қарсы дәлелдердің болмауына байланысты «Өзін-өзі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.