Мұқағали мұрасын ұлықтаған фильм

Мұқағали мұрасын ұлықтаған фильм
Сурет: Almaty-akshamy.kz

«Қарасаз көшелері» деп аталатын әдеби-танымдық деректі фильм көрерменге жол тартты

Таныстырылымы Жазушылар одағында өткен жаңа фильм өзінің шынайылығымен бірден баурап алды.

Елу минуттық туындының өн бойына Қарасаз халқының Мұқағали ақынға, оның шығармаларына деген шексіз махаббаты өзек болып өрілген. «Үйрек ұшып, қаз қонған» қасиетті Қарасазды бетке алып, жолға шыққан қос жігіттің бірі, ақын туған мекеннің төл перзенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы ұлттық театрдың белді әртісі Еркебұлан Дайыров сапарлас серігі, белгілі сықақшы Олжас Сыдықбектің "Осы Қарасазда еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін Мұқағали жырларын жатқа оқитыны рас па?" деген күмәнін сейілтуге күш салады. Қарасуға шомылып жүрген балалардың да, көк майсаға шалғы салған шөпшілердің де, жолда тоқтатқан трактордан қарғып түскен механизатордың да, дүкендегі сатушының да, көшеде кездескен әйелдердің де, бақшасында жүрген ауыл тұрғынының да, ақ сақалды атаның да, түнгі алау жанындағы жастардың да тұра қалып, мұзбалақ ақынның өлеңдерін мүдірместен оқи жөнелуі көрерменді тәнті етпей тұрмайды. Фильмді түсірушілердің айтуынша, кейіпкерлер алдын ала дайындалмаған.

«Бұл идея негізі 3-4 жыл бұрын келген. Бәріміз де Мұқағалиға құштармыз, өлеңдерін жақсы көреміз, бірақ оны Қарасаздың халқындай ешкім сүйе алмайды. Бажайлап қарасақ, аузымыздың суы құрып айтатын Қарасаз туралы интернет кеңістігінде тұщымды дүние жоқ екен. Алайда бұған дейін мүмкіндік болмады, сәті келмеді. Биыл қолға алып, өз күшімізбен Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық торқалы тойына толымды тарту жасау мақсатында осы фильмді түсірдік. Тоқтар Мұхамеди деген кәсіпкер бауырымыз қаржылай демеу жасады. Фильмде ойнаған Әсет Иманбаев, Сафуан Шаймерденов секілді белгілі театр және кино актерлері, дәстүрлі ән өнерінің белді өкілі Тілеулес Құрманғалиев, режиссёр Жандос Еспенбетов, композитор Ермек Елгезек, монтаж режиссері Нұркелді Ергөбек, басқа да жігіттер шама-шарқынша өз үлестерін қосты. Фильмді түсіру барысында Қарасазды табиғи қалпында, ешбір жасандылықсыз беруге, Мұқағали өлеңдеріне жазылған әндерді де пайдалануға тырыстық», - дейді идея авторы, продюсер, «Қоңыр media group» компаниясының басшысы Сержан Молдасанұлы. 

«Кинодағы ауыл көріністері, көшелері маған етене таныс. Балалық шағымыз Қарасаз, Қарасу өзендерінің бойында өтті. Қарасаздың тамылжыған табиғатына тамсанып отырып, бір сағаттың қалай өткенін байқамай да қалдық. Адам мен табиғаттың, қарапайымдылық пен шынайылықтың үйлесімін тапқаны сондай, ауылға барып келгендей күй кештік», - деп әсерімен бөліскен ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев пен келіні Бақыткүл фильмді түсірген шығармашылық топқа алғыс айтты.

Мұқағали мұрасын ұлықтап, өлеңдерінің өміршеңдігін паш еткен жаңа туындының қазақ өнеріндегі рухани кеңістікті толтыратын шығармалар қатарынан табылары даусыз.