Мұнай өңдеу зауыттарын жөндеудің 5 жылдық жоспары әзірленеді

Мұнай өңдеу зауыттарын жөндеудің 5 жылдық жоспары әзірленеді
casp-geo.ru

Мұнай өңдеу зауыттарына арналған жөндеу жұмыстарының 5 жылдық жоспары әзірленді. Бұл туралы Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтің Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары басшыларының қатысуымен өткізген көшпелі кеңесінде мәлім болды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап..

ҚР Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесу барысында ведомство басшысы биыл отандық кәсіпорындар ішкі нарықты дизель және авиаотынмен қамтамасыз ету бойынша міндетті орындай алмағанын атап өтті. Жүйелі сипаттағы проблеманың негізгі себептерінің бірі - жөндеу жұмыстарын тиімсіз жоспарлау.

«Өндірістік қуатты жаңғыртуға қарамастан, зауыттар ең қолайсыз сәтте үнемі жөндеуге тоқтап тұрады. Өсіп келе жатқан тұтыну жағдайында жыл сайынғы 25 күндік тоқтау жол берілмейтін жағдай болып отыр. Жөндеу жұмыстарын жүргізудің қолданыстағы регламенті ескірген деп есептеймін. Күрделі жөндеуге жылына бір ғана зауыт тоқтауы тиіс. «ҚазМұнайГаз» басшылығына алдағы 5 жылға жаңа жоспар әзірлеуді тапсырамын», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Сондай-ақ министрге Павлодар мұнай-химия зауытында жөндеу жүргізу кезінде гидротазарту компрессоры роторының ақаулығы анықталғаны туралы баяндалды. Бұл ретте ақаулы бөлшекті тек 5 айдан кейін ғана ауыстыруға болады және осы кезең ішінде ПМХЗ ай сайын жоспарланғаннан 20-40 мың тоннаға аз дизель отынын өндіретін болады.

Осыған байланысты ведомство басшысы ҚМГ басшылығына МӨЗ-бен бірлесіп көктемгі егін жұмыстары басталғанға дейін, оның ішінде мұнай өнімінің импорты есебінен қор қалыптастыруды тапсырды. Сонымен қатар, Энергетика министрі қысқы дизель отынын өндіруге бағытталған «Ертіс» жобасын уақытылы іске асыруды қамтамасыз етуге баса назар аударды.

«ПМХЗ-ның тұрақсыз жұмысы ішкі нарықты қамтамасыз етуге теріс әсер етеді. Бұл, әрине, балансқа әсер етеді. Біз көктемгі егін жұмыстарына жиналған қалдықтарсыз қалуымыз мүмкін», - деді Энергетика министрлігінің басшысы.

Министр бір апта ішінде компрессордың бұзылу себептерін тексеруді аяқтауды тапсырды және ҚМГ басшылығына зауыттың бас директоры Оспанбек Әлсейітовке қатаң сөгіс жариялауды ұсынды.

«ҚазМұнайГаз» АҚ-ының деректері бойынша 2017 жылы жүргізілген барлық үш МӨЗ-ді жаңғырту ішкі нарықты мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мәселен, елімізде 4,96 млн тонна автобензин, 5,14 млн тонна дизель отыны және 623 мың авиаотын өндіріледі.

Министр қазіргі уақытта ел Президентінің тапсырмасы бойынша мұнай өнімдері нарығын тұрақтандыруға бағытталған шаралар пакеті әзірленіп жатқанын атап өтті. Барлық ұсыныстар, оның ішінде бағаны реттеу мәселесі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қаралатын болады.