Мүгедектігі бар адамдарға арналған қайырымдылық акциясын өткізу туралы ақпарат жалған болып табылады

Мүгедектігі бар адамдарға арналған қайырымдылық акциясын өткізу туралы ақпарат жалған болып табылады
Сурет: Gov.kz.

Мүгедектігі бар адамдарға арналған қайырымдылық акциясын өткізу туралы ақпарат жалған болып табылады

 Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылып жатқан 23 шілде күні ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Еңбекмині) жанында мүгедектігі бар адамдарға арналған қайырымдылық акциясы өтетіні туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарына сілтеме жасап.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін қандай да бір акциялар өткізу жоспарланбағанын хабарлайды.

Азаматтардан жалған ақпаратқа назар аудармауды және ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуды сұраймыз. Жалған ақпарат тарату заң бойынша жазаланады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша тұрақты негізде жоспарлы жұмыс жүргізілуде.

2020 жылы әлеуметтік төлемдерге, оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуге мемлекеттік бюджеттен 455 млрд теңге бөлінді, ағымдағы жылы бұл мақсаттарға 486 млрд теңге көзделген.

Алушыларға ыңғайлы болуы, оңалту құралдарымен және  қызметтерімен қамтамасыз етуді жақсарту үшін Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды (aleumet.egov.kz). Қаңтар айынан бастап порталға оңалтудың техникалық құралдарының барлық 55 түрі көшірілді.

Еңбекмині мүгедектік себебіне қарамастан, I топтағы мүгедектік кезінде күтім жөніндегі жәрдемақыны енгізуді; жәрдемақылардың мөлшерін қайта қарай отырып, 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлуді; мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беруді; кәмелетке толған кезде мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін тұрғын үй кезегін сақтауды және басқа да нормаларды көздейтін заң жобасын әзірледі. Аталған заң жобасын биылғы жылы қабылдау күтілуде, ол Мәжілісте мақұлданып, Сенатқа қарауға берілді.

Мүгедектігі бар балаларды оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шағын сипаттағы оңалту орталықтарын ашу бойынша жұмыс жүргізілуде. Биыл 12 орталық ашылады, оның 6-уы жұмыс істеп тұр (Павлодар облысы, қамту ауқымы – 150 бала; Қызылорда облысы – 150; БҚО – 100; Ақтөбе облысы – 350; Ақмола облысы – 100; Нұр-Сұлтан қаласы – 150).

Мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін медициналық-әлеуметтік сараптаманың рәсімдері мен мерзімдерін оңтайландыру мақсатында Еңбекмині мүгедектікті сырттай белгілеуді енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. 1 шілдеден бастап жоба 6 өңірде: Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарында іске қосылады. Жобаны іске асыру келешекте мүгедектігі бар адамдардың инстанциялар бойынша жүруін және көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмауға мүмкіндік береді.

2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға арналған Кәсіптер атласы әзірленді, ол оларды жұмысқа орналастыру кезінде, оның ішінде Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) жұмыс іздеуді жетілдіру үшін қолданылады.

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау және жұмысқа орналастыру үшін барлық өңірлерде «TenQogam» орталықтарын ашу жоспарланған. Нұр-Сұлтан мен Алматыда мұндай орталықтар психологиялық және құқықтық көмек, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсете отырып, табысты жұмыс істеуде.

Әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қазіргі уақытта Әлеуметтік қызметті одан әрі жаңғырту жөніндегі ұлттық жоспар әзірленді және жақын арада қабылданатын болады.

Осы шаралардың нәтижесінде 695 мыңнан астам мүмкіндіктері шектеулі адамдардың өмір сүру сапасы мен көрсетілетін қызметтерге қолжетімділігі жақсарады.