Мұз ойылып кеткен жағдайда не істеу керек?

Мұз ойылып кеткен жағдайда не істеу керек?
dzen.ru

Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары мұз астына құлап кеткен жағдайда не істеу керектігін түсіндірді.

Мұздағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ШҚО ТЖД құтқарушылары еріктілер және полиция қызметкерлерімен бірлесіп 260-тан астам рейд жүргізді. Тұрақты түрде брифингтер өткізіп, 2 жарым мыңнан астам үгіт-насихат парақшасын таратты.

Бүгінде өңірдегі су қоймаларында 64 ескерту және тыйым салу белгісі орнатылған. Қыс басталғалы ӘҚБтК-нің 412-бабын бұзған 2 балықшы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Балықшы су қоймаларындағы қауіпсіздік ережелеріне сәйкес қалыңдығы 25 сантиметрден аспайтын мұзға шыққанда өзімен бірге ысқырық, құтқару кеудешесі мен арқан алып жүруі керек. Ұялы телефонын су өткізбейтін қапқа салуы қажет», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Ал егер мұз астына құлап кетсеңіз:

- Үрейленбеңіз. Оқыс қимыл жасамаңыз, деміңізді тұрақтандырыңыз.

- Қолдарыңызды екі жаққа кеңірек созып, денеңізге ағыс бағытында көлденең позиция беріп, мұздың шетіне ілінуге тырысыңыз.

- Кеудеңізді мұздың шетіне ақырын қойып көріңіз және бір аяғыңызды, содан кейін екінші аяғыңызды мұзға лақтырыңыз.

- Егер мұз сынбаса, баяу жорғалаңыз немесе жағаға қарай домалаңыз.

- Қай жақтан келдіңіз сол жаққа қарай жылжыңыз, өйткені ондағы мұздың беріктігі тексерілген.