Мұнайдың әлемдік бағасы арзандауда –Ұлттық банк не дейді?

Мұнайдың әлемдік бағасы арзандауда –Ұлттық банк не дейді?
Сурет: Egemen.kz

ҚР Ұлттық банкі мұнайдың әлемдік бағасына және «қара алтынға» қатысты соңғы уақыттағы тенденцияларға шолу жасады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Ұлттық банктің таратқан хабарламасына қарағанда, осы жылдың қараша айында мұнай нарығындағы динамика түрлі бағытта болды. Қытайдың Zero Covid саясатын ықтимал жеңілдетудің белгілері, ОПЕК+ өндіруді 500 мың баррельге көтеруді қарастыру туралы хабары, одан кейін ресми тұлғалардың осы жаңалықты теріске шығаруы, Ресей мұнайы бағасының шегін бұрын көзделгеннен жоғары деңгейде талқылау артқан құбылмалыққа әкелді. G7 елдері, Австралия және Еуроодақ Ресейден келетін мұнай бағасының шегін 60 АҚШ доллары деңгейінде келісті, ол күшіне 5 желтоқсанда енді. Бұдан басқа, осы күннен бастап Ресей мұнайын ЕО-ға теңіз жолымен экспорттауға тыйым салынды. Осы жағдайларда мұнай құны бір айда 1 баррель үшін 85,43 АҚШ долларына дейін 9,9%-ға төмендеді және 1 баррель үшін 80 АҚШ долларынан төмен түсіп, желтоқсанның басында теріс динамикасын жалғастырды.

«Ресей мұнайын сатып алу бағасы бойынша лимиттің әр түрлі салдары бар. Бір жағынан, баға бойынша дисконт енгізу мұнай нарығына кері әсерін тигізуі мүмкін, екінші жағынан – өндірісті қысқарту бойынша Ресейдің ықтимал қарсы шаралары баға белгілеуді арттыруға ықпал етеді. Екінші белгісіздік – Қытайдағы карантиндік шектеулерді жеңілдетуге қатысты. Бұл экономикалық белсенділікті арттыруға және әлемнің екінші ірі экономикасы тарапынан энергия ресурстарына сұраныстың кейіннен өсуіне ықпал етуі мүмкін», - деп болжам жасады Ұлттық банк.

Bloomberg-тің медиандық болжамынша 2023 жылғы 1-тоқсанның соңындағы мұнайдың 1 баррелі 78 доллардан 92 долларға дейін өспек.