Мың теңге тiгiп «Нива» көлiгiн тақымдады

Берiк СӘДУАҚАС

Бильярд ойыны бүгiнде елiмiзде жедел өркен жаюда. Қазiргi кезде, қажет етсеңiз, бильярд үстелiн алыстағы ауылдан да таба аласыз. Өйткенi, бұл спорт түрi әжептәуiр табыс әкелетiн бизнес көзiне айналғалы қашан.

Жуырда қаламыздағы «Бастау» бильярд клубында тұңғыш рет әуесқойлар арасында республикалық бәсеке өттi. Жарысты «Caspian Beverage Holding» компаниясы ұйымдастырды. Бас жүлдеге «Алматы Жигулиi» сауда маркасының кубогы мен «Нива» автокөлiгi қойылды. Шын мәнiнде дүбiрлi додаға айналған бәсекеге елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен бiлегiн сыбанған үмiткерлер жиналды. Турнирге қатысуға Астана, Атырау, Қостанай, Көкшетау, Шымкент, Қызылорда, Талдықорған, Есiк, Кентау, Семей, Тараз қалаларынан 278 адам тiлек бiлдiрдi. Үмiткерлерге қойылған шарт бойынша бас жүлдеден үмiтi бар әрбiр қатысушы 1000 теңгеден ақы төледi. Бұл жерде баса атап өтерлiгi, турнирге кәсiби спортшылар қатыстырылған жоқ. 10 күнге созылған аламан итжығыс тартыста алматылық Александр Гилевтiң жұлдызы жанып, талайлардың көзiнiң құртына айналған су жаңа «Нива» арғымағын тақымына басты. Ол финалда Ерасыл Идришевтi 5/4 есебiмен ұтып кеттi.

БАҚ құралдары арасында өткен бәсекеде «Қазақстан» телеарнасының редакторы Тұрмағамбет Кенжебаевқа ешқандай журналист қарсы тұра алмады. Финалда 81 жасар кәнiгi спортшы, бильярдтан Қазақстанның, КСРО-ның еңбек сiңiрген жаттықтырушысы Май Хван қариямен таяқ түйiстiрген Тұрмағамбет ақсақалдың жасына да, басына да қараған жоқ, ойсырата ұтты. Нәтижесiнде, «Soni» фирмасының ноутбугiн қанжығасына iлдi.

Ұйымдастырушы компанияның вице-президентi Алмат Ахметовтiң айтуынша, көзделген мақсат – бильярд ойынын бұқара арасында кеңiнен насихаттау. Мұндай iзгi де пайдалы шаралар алдағы уақытта да жиi өтетiн болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close