Музыка сайыпқыраны

 

 Көрнекті күйші-сазгер, дирижер Нұрғиса Тілендиев көзінің тірісінде-ақ өнерсүйер қауымның ыстық ықыласын иеленді. Домбыра тартуды 5 жасында әкесінен үйренген бала Нұрғисаның күй тартып отырғанын Ахмет Жұбанов кездейсоқ көріп қалады. Көреген ұстаздың кеңесімен әуелі музыка мектебінде, кейіннен консерваторияда білім алған ол, 400-ден астам ән мен романстардың авторы атанды. Сондай-ақ, 50-ден астам драмалық спектакльдерге, 20-ға жуық көркем фильмге («Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым – Қожа», т.б.), 17 мультипликациялық фильмге («Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», т.б.), 14 деректі-хроникалық фильмге («Академик Сәтбаев», «Ыбырай Алтынсарин», т.б.) музыка жазды.

Бүгінгі туған күніне орай, біз даңқты музыка сайыпқыранының көзін көрген жандардың аз-кем естелігін ұсынғанды жөн көрдік.

 Нұрғали НҮСІПЖАНОВ, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

 Жарты ғасыр жанында жүрдім

 Нұрғиса Тілендиев ағаммен  1962 жылы  консерваторияның 2-курсында оқып жүрген кезімде таныстым.  Бір күні Қазақ радиосына  «Ақ бантик», «Кешікпей келем деп ең» әндерін жаздыру үшін келген едім. Сол жерде Нұрағаңды алғаш рет жүзбе-жүз кездестірдім. Бұрын атына сырттай қанық болғанмен, жақын танымаушы едім. Маған ол кісі адуынды, сыртқы келбеті де ешкімге ұқсай бермейтіндей көрінетін. Жақын танысқан соң, ол кісінің терең сезімді, жан-дүниесі сұлулыққа тұнған жан екеніне көзім жетті. Әнге де, әншіге де қоятын талабы өте қатаң еді. Содан да болар, ол кісінің қаламынан, қолынан тек теңдеусіз туындылар шықты. Сол өзінің нәрестесіндей болған әндерін бұрмалап, не сызат түсірсе, кешірмейтін. Нұраға өзі шығармашылығының 30-40 жылында жазған 40-қа жуық  әндерінің бәрін менің диапазоныма арнап жазды.  Ол кісінің бойында  халыққа арнап жазылған шығармалар  тек шеберлікпен жазылуы керек деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан үнемі «Менің худсоветім – халық» деп отыратын.  Ол кезде Көркемдік кеңес анау-мынау әндерді эфирге жібермейтін. Тек таңдаулылары ғана електен өтіп, тыңдарманын табатын. Сол жылдарда мен Қазақ радиосының музыкалық  редакциясын басқардым,  Шәмші мен Нұрғисаның әндері дүркіреп тұрды.

Нұрағаң екеуміз аға бауыр, іні бауыр болып 51 жыл бірге жүрдік. Менің атымды атамай, «Нұрғаш» дейтін еді. Кеңес Одағының құрамында жүргенімізде бүкіл шет елдерге  апталап емес, айлап гастрольге шығатынбыз. Алыс сапардан келген соң Нұрағаңа сәлем беру үшін арнайы барамын. Мені көре салысымен қолындағы таяғын көтеріп қалып, оркестрге белгі бере қояды. Олардың қандай әнді ойнайтынын білмесем де, дайын тұрамын. Үш-төрт әнді орындап болған соң, оркестр орнынан тұрып құрмет көрсетеді. Сосын Нұрағаң мені бауырына басып, «Жалғызым-ау, адалым-ау» деп,  кең құшағына алғанда,  көзінен аққан жас  бетін жуып тұратын. «Сағындырып қайда жүрсің, Нұрғаш-ау?», – дейтін. Менің де көңілім босап, талай жылаған сәттерім болды. Асылы,  адам өмірінде жан-дүниесі  толқитын сәттер көп кездесе бермесе керек. Бірақ Нұрағаңмен екеуміздің әр кездесуіміз  біздің жүрегімізді тербейтін.

Ол кісі қай кезде болса, маған хабарласып, жазған әндерін талқылайтын. Мен де өз ойымды білдіріп, әндердің иіріміне қарай, реті келмей жатса, автор қайта түзейтін. Сондай әндердің бірі – «Өз елім» әні.

Бірде концерттен келіп, ұйықтап жатсам, түнгі үште Нұрағаң хабарласып тұр. «Нұрғаш, тез жет!», – дейді. Содан таксилетіп жеттім ғой. Келсем, Қадыр Мырза-Әлі екеуі отыр екен. Үстелдің үстінде қағаздар толып жатыр. Сосын өзі роялға отырып, әнді орындап шықты. Осылайша ән 6-7  мәрте   түзетілді.  Мен әнді бірнеше мәрте орындадым. Ақыры, әннің соңғы нұсқасы таңдалды.

Жалпы,  ақын әннің  мәтініне, композитор музыкасына жауапты болғанымен, әнді халыққа  жеткізетін әнші ретінде жауапкершілік маған да түсетін. Жазылған сөздің халықтың құлағына жағымды естілуіне мен себепкер болдым. Өйткені, қазақтың сөзінің жазылуы бір бөлек, әнге айналып, шарықтаған кезінде  өзгерістерге түсетін кездері де  болады. Сол себепті мен ағаларымнан қысылсам да,  «Ағалар, мына жерінде былай етсеңіздер қалай болады» деп өз ой-пікірімді айтып отыратынмын. Соған қысылып, кешірім сұрағанымда, екі ағам да: «Айналайын, Нұрғаш, егер осы әніміз халыққа қызмет етіп жатса, мың рет түзетуге дайынбыз», – деген еді.

Нұрғиса Тілендиев мені «жекеменшік әншім» деп жақын тұтты. Ол пендешілікпен бөлектену емес, шығармашылық туыстық еді.  Көптеген  композиторларды – Шәмші Қалдаяқовты, Мыңжасар Маңғытаевты, Әсет Бейсеуовті ізімнен келе жатқан шәкірттерім деп ағалық ақылын айтып,  қатты сыйлайтын, демеп отыратын.

Кезінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаев пен нар тұлғалы Нұрғиса  Тілендиевтің танысып, шығармашылық шыңға бірге  көтерілуіне  қарапайым жігіт кезімде мен себепкер болып едім.   Бір айдан соң шет елден келсем, Нұр-ағаң мен Мұқағали 12 ән жазып тастапты. Алатаудың екі биігі қосылып, бұрқыратқан екен.

Бүгінде Нұрағаңның өзі кеткенімен, соңында өлмес әні қалды.  Менің арқалаған аманатым – композиторларымның әндерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, халқының жадында жаңғырту.

 

Бағдат  СӘМЕДИНОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі

 Адами қасиеті зор еді

 Нұрғиса  ағаға кез келген әнші барып «әншімін» деуге батылы бармайтын. Ол кісі оның әнінен не даусынан бір мін табатын. Сосын айтып салатыны тағы бар. Ол кезде  эстрада студиясында оқып жүрген кезім. Сапарғали Шәріпов деген кісі  «Сені  Нұрғиса Тілендиевпен таныстырайын» деп, ағаның үйіне бардық.  Барсам, біраз қонақтар отыр екен. Ішінен Дүнгенбай Ботбаевты таныдым.  Содан кейін маған ән айтқызды. «Саржайлау» әнінің қарандашпен жазылған нұсқасы жатыр екен. «Саған осы әнді беремін. Хабарласып тұр», – деді.  Содан мен ол кісімен байланысуға уақытым да болмады. Оқуымды бітіріп, Жезқазғанға кеттім. Кейін Алматыға келіп, «Самал» ансамблімен Жамбылға концерт қоюға бардық. Мен Нұрғиса ағаның «Өз елім» әнін орындадым. Мемлекеттік концерттерде айтып жүргенімді Нұрағаң естісе керек. Бірде мені репетицияға шақырып, «Атамның аманаты еді» деп, «Угәй-ай»  әнін жаздырды. Сонымен не керек, мені оркестрге жеке орындаушы етіп қабылдады. Репетициядан кешігіп қалсақ, бетіңе бір қарап, орнынан тұрып кететін. Ол кісінің мінезі алақұйын болғанымен, жүрегі кең еді. Адамның мінезін жүрген жүрісінен де біле қоятын. Қайталанбас тұлғаның адами қасиеті де зор болды. Ондай кісіні әлі күнге кездестірген емеспін.

Дайындаған Рая ЕСКЕНДІР

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *