«Музей түні-2022». Алматыда ерекше археологиялық артефактілер халық назарына алғаш рет ұсынылды

«Музей түні-2022». Алматыда ерекше археологиялық артефактілер халық назарына алғаш рет ұсынылды
Cурет: Baq.kz

Дәстүрлі шара биыл балалар жылына арналды

Алматыдағы Орталық музейде «Музей түні-2022» шарасы аясында «Қайта жарқыраған жауһарлар – Аралы» атты көрме ашылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап.

 Аталған көрмеге «Қырым аралы» ғылыми-қалпына келтіру зертханасының Қазақстан аумағында ұйымдастырылған қазба жұмыстарының негізінде табылып, қалпына келтірілген ерекше археологиялық артефактілер халық назарына алғаш рет ұсынылды.

«Қырым-аралы» ғылыми зертханасының жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Қырым Алтынбеков көне жәдігерлер біздің мәдениетіміз бен тарихымыздан сыр шертетінін айтады.

"Ата-бабамыздан қалған мұраларға реставрация жасап, бүгін халық назарына ұсынып жатырмыз. Бүгінгі көрмеге қойылған жәдігерлерді музейге келушілер бірінші рет көріп отыр. Өйткені оны менен басқа ешкім көрген емес. Бұл жәдігерлер зат түрінде біздің мәдениетіміз бен тарихымыздан сыр шертеді. Бүгінгі көрмеге 200-ден астам жәдігерлер қойылды",- Қ.Алтынбеков.

ҚР Президенті  Қасым-Жомарт Кемелұлының 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына орай, ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің биылғы «Музей түні-2022» дәстүрлі акциясы талантты балалардың  бастамалары мен жаңашыл идеяларын қолдауға бағытталған.

Аталған акцияның негізгі бөлігі «Талантты балалар шеруі» республикалық балалар фестиваліне арналады. Фестивалға республикамыздың әр өңірінен өнер, спорт, музыка, шығармашылық жағынан халықаралық, республикалық конкурстар лауреаттары мен талантты жасөспірімдер қатысты. Республикалық фестиваль аясында 16 аталым бойынша жас таланттарға марапатты елімізіге белгілі ғылым, мәдениет және өнер саласындағы қайраткерлер табыстады.  

Сондай-ақ Музей түнінің  басты   оқиғасы «Коворкинг балалар орталығының»  ашылуы болды. Орталықтың  жұмысы балаларды музей әлемімен, ондағы тарихи құндылықтармен таныстыруға, шығарамашылық бастамалар мен балалардың мүмкіндіктерін ұштауды ұйымдастыруға  бағытталған. Яғни, балалардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру, мультипликациялық фильмдер көру, кітап оқу, қазақ ұлттық ойындары және дәстүрлі музыкалық аспаптарда ойнауды үйрету бағыттарында жұмыс істеу.  

Сонымен бірге «Жас экскурсовод», «Өлкетанушы» және  «Бірге сурет салайық»   бейнелеу өнері  үйірмелері ашылды.
Музей түні бағдарламасында: жанданған экспозициялар, музей қорындағы сирек кездесетін қару-жарақтар коллекциясы негізінде «Ер қару бес қару» көрмесі (XVIII-XIX ғғ.), «Біздің таланттыларымыз», «Менің бақытты балалық шағым» атты қалалық бейнелеу өнер студияларының балалар шығармашылығы көрмесі, белгілі фотограф М. Золотухиннің фотокөрмесі ашылды.  

Музейге келушілер назарына концерттік бағдарламалар да ұсынылды. Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжі, «Камерата Казахстан» ансамблі және Валентина Боровикованың жетекшілігімен скрипкашылар ансамблі,  О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі мен  Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы студенттерінің сәндік коллекциясының көрсетілімі және  Қазақстан-Жапон орталығынан оригами, каллиграфия, «фурошики» өнері бойынша шеберлік-сабақтар өтті. Оған қоса мерекелік іс-шара қонақтары мемлекеттік оркестрлер мен балалар ұжымдарының музыкалық шығармашылық концертерін  тамашалады.

Арнайы балалар үшін Қазақстан суретшілері, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің қатысуымен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.