«Моцарт пен Мұқағали»

Қазақстан

«Моцарт пен Мұқағали»

Талдықорған қаласында қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойына арнап ағайынды Әділ және Дәурен Медетбаевтар «Моцарт пен Мұқағали» деп аталатын деректі фильм түсірді. «Моцарт Австрияның ұлы композиторы болса, Мұқағали ұшар басын мәңгі қар басқан Алатаудың мұзбалағы, қазақтың аса көрнекті ақыны. Бірі артына өшпес музыкалық мұра қалдырса, екіншісі ұрпақтар жадында мәңгі сақталатын өлең-жырларын қалдырды. Моцарт мынау жарық дүниеде 35 жыл өмір сүрсе, Мұқағали 45-ақ жыл ғұмыр кешті. Тағдыры да, шығармаларына арқау болған тақырыптары да ұқсас. Моцарт реквием жазып, жаназа күйін толғатса, Мұқағали бұл тақырыпты өлеңмен өзінше жырлады», – дейді деректі фильмнің режиссері Әділ Медетбаев.

•ТМД

«Халал» деген сөз қымбатшылыққа апаруда

Өзбекстан халқы халал өнімдердің жыл сайын қымбаттап бара жатқандығын айтып арыздануда. Оған басты себеп – тауар сыртына жабыстырылатын «Халал» деген сөзге байланысты туындап отыр. Өйткені, өзбек халқының көбі сауда өнімдерін алар кезде «Халал» сөзіне көп мән береді екен. Тұтынушысы көп болғандықтан, саудагерлер де оның бағасын әдеттегіден арттырып жіберген. Бүгінде әлем бойынша 2 млрд. адам халал өнімдерді пайдаланады.

•Әлем

Адам іздейтін роботтар жасалынды

Қытай ғалымдары зілзаладан кейінгі құтқару операцияларына қатыса алатын құлтемірлерді ойлап тапты. Арнайы үйінді астында қалған адамды іздеп табуға қабілетті роботтар үлкен сұранысқа ие. Іздестіру барысында құлтемір өз пішінін өзгертіп, қажет жағдайда тікбұрыш, төртбұрыш немесе сопақ күйге ене алады екен.

Бұған қоса, ғалымдар елгезек машинаны бейнекамерамен әрі аудиожүйемен жабдықтаған. Роботтарға радиация да тосқауыл емес. Мәселен, зілзала жайпаған Жапония үшін мұндай машиналар таптырмайтын көмекші.

Дерек

Әрбір төртінші американдық жас маман «Гугл» іздеу параметрінде қызмет атқарғысы келеді екен.

Әзіл

Қызметіне кетейін деп киініп жатқан күйеуі әйеліне:

– Күн бұлыңғыр, бүгін кешке құрығанда боран, не дауыл болады-ау деймін? – деп қалғанда, әйелі:

– Егер сенделмей, кешікпей үйге келсең, боран түгіл, үп еткен жел де тұрмайды, – деген екен.

•Қазақстан

8 жасар батыр қыз баспаналы болды

Тілсіз жаудан бауырларын аман сақтап қалған қызылордалық 8 жасар Динараның көзсіз ерлігін жұрт мақтан қылып айтады. Осыған байланысты қала басшылығы Наурыз мерекесінде қайсар қыздың отбасына үлкен сый тарту етті. Баспанасын өрт шалған Қыстаубаевтар отбасына үш бөлмелі пәтер кілті табыс етілді. Кішкентай батыр қыздың қайсарлығына сүйсінбеген жан жоқ. Оны облыс басшысы мен мектеп ұжымы алғыс хатпен марапаттады.

•ТМД

«Путин шыңы» «Ельцин шыңынан» биік

Жақында Қырғызстан президенті Роза Отынбаева бұрын атаусыз болып келген Шу облысының Мәскеу ауданындағы Қырғыз жотасына ресми «Владимир Путин шыңы» деп ат беру жайлы заңға қол қойды. Ресей премьер-министрінің атына берілген таудың биіктігі 4446 метр екен. Бұған дейін Қырғызстандағы тағы бір шыңға Ресейдің экс-президенті Борис Ельциннің есімі берілген болатын. Ыстықкөл облысында орналасқан «Ельцин шыңының» биікті 3,5 мың метрді құрайды.

•Әлем

Төрешіні соққыға жықты

Аргентинаның «Хувентуд Католика» және «Спортиво Лагуна Ларга» командалары арасында өткен аймақтық лигада футболшылар кедесудің бас төрешісі етіп сайланған Уго Веганы соққыға жықты. Бұл оқиға ойынның екінші таймында орын алған. Вега «Хувентуд» командасының сапындағы бір ойыншыға қызыл қағаз көрсетеді. Өйткені, ол төрешімен сөз таластырып, әлденеге көңілі толмаған кейіп танытады. Осыған байланысты, «Хувентуд» командасының бірнеше ойыншысы төрешіге жұдырықтарын ала жүгірген. Нәтижесінде Уго Вега ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген. Енді, бұл мәселені ФИФА басшылары өз міндетіне алады.

•Дерек

Украинада бiлiм алатындардың 45 мыңнан астамы шетелдiк азаматтар екен. Сондай-ақ, олардың көбi Қытай елiнен келген азаматтар.

Әзiл

Екi полиция қызметкерi үш гранатаны тауып алып, бөлiмшеге алып келе жатады. Орта жолға жеткенде бiр полицей:

– Әй, достым, мына гранаталардың бiреуi кенеттен жарылып кетсе, не iстеймiз? – деп сұрайды.

Сонда екiншiсi:

– Онда үшеу емес, екi-ақ граната таптық деп айта саламыз, – дептi саспастан.

Әзірлеген – Жандос БАЙДІЛДА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *