МОНШАҚ ҚЫЗ

МОНШАҚ ҚЫЗ

Мәншүк Мәметова – 100

 Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында сайдың тасындай сарбаз жігіттерден кем түспеген қайсар қыздар да аз болмаған. Солардың бірегейі, Шығыс қыздарының арасынан тұңғыш рет Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған аға сержант, пулеметші – Мәншүк Мәметова.

Ерліктің бір қанаты

«...Ерліктің қос қанаты деп білем мен, Аяулы Әлия мен Мәншүгімді» деп келетін танымал ән жолдары үлкен-кішіге жақсы таныс, жүрекке жақын. Сондағы қос қанаттың біріне баланған Мәншүгіміз 1922 жылы Батыс Қазақстанның қазіргі Орда ауданында туған.

Мәншүктің (азан шақырып қойған есімі Мәнсия) ата-анасы Жеңсікәлі мен Тойылша жоқшылықпен тіршілік кешіп жатқан қарапайым жандар болған. Әкесі қоймада күзетші болған, етік тігетін, ал шешесі күнкөріс үшін ауқатты ағайындарының малын сауысқан. Мәншүктің алдында Нағи мен Қадыр деген екі ұл, яғни туған ағалары болған.

Бірде ауылға Жеңсікәліге немере іні болып келетін Ахмет пен әйелі Әмина келеді. Олар бір перзентке зар болып жүрген жандар-тын. Қалалық меймандардың көзі қолды-аяққа тұрмай құлдыраңдап жүгіріп жүрген моншақтай сүйкімді қызға бірден түскен екен.

Ерлі-зайыпты Ахмет пен Әмина өз заманының оқыған, тоқыған, көкірек көзі ояу зиялы адамдары болған. Ері – дәрігер, зайыбы мұғалім еді. Олар кішкентай Мәнсияны асырап алу туралы ойларын білдіреді. Әрине, біреуге өзегіңді жарып шыққан баланы беру оңай емес, бірақ сол тұстағы қиын уақытты ойлаған туған әке-шешесі үш жасар қыздарының болашақта көзі ашық, оқыған адам болып өскенін қалап, Ахмет пен Әминаның бауырына салады.

Әмина Мәнсияны «Моншағым» деп еркелеткен. Ал кішкентай Мәнсия өз есіміне тілі келіңкіремей «Моншақты» «Мәншүкпін» деп кетеді. Ерлі-зайыпты баланы өздерінің фамилиясына көшіреді. Дегенмен, туған әкесінің атын өзгертпей құжатында сол күйінде қалдырады. Көп ұзамай туған әке-шешесі бірінен соң бірі қайтыс болып кеткен.

Өжет бала

Мәншүктің асырап алған анасы Әмина Кіші Орда билеушісі Әбілқайыр ханның тікелей ұрпағы. Оның Моншағы туралы: «Мәншүкте бауырмалдық, достық, туысқандық, жолдастық сезімі бала кезінен байқалатын. Семейде 1-класта оқып жүрген кезде қытайдың Хон-Пен деген баласын ересек қытайлар ұрып-соғып жүрген жерінен оның мектебі айырып алады. Баланы уақытша оқушылардың бірінің үйіне апару керек дегенде, Мәншүк оны үйге алып келіпті. Мен жұмыстан келсем, Хон-Пенді жетелеп губерниялық атқару комитетінің председателіне апарып (үйіміз қатар тұратын): «Сіз үлкенсіз, күшіңіз көп. Хон-Пенді жәбірлеген қытайды тұтқынға алыңыз» деп арыз айтып отыр. Хон-Пен бір айдан кейін балалар үйіне жіберілді. Мәншүк демалыс сайын оған тамақ, ойыншық апарып тұрды», – деген естелігі сақталған.

Мәншүк 1931–1938 жылдары Алматы қаласындағы №28 мектепте (қазіргі Мәншүк Мәметова атындағы №28 лицей) білім алады. 1940 жылы жұмысшы факультетін тәмамдап, кейіннен Ахмет әкесінің жолын қуып, медицина институтына түседі. Оқи жүріп Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңсесінде қызмет атқарған.

Сәнді туфлидің орнына – керзі етік

Ахмет Мәметов Бейімбет Майлин, Құдайберген Жұбановтармен жақын араласқан. Домбырада күй тартып, ән салатын да өнері болған деседі. 1937 жылы дәрігер Ахмет «халық жауы» деген айыппен қамауға алынады. «Менің Мәншүгімді ренжітпе, аман сақта!» – деген екен ол әйеліне айтқан соңғы сөзінде. Бірақ мойнына «халық жауының әйелі» деген қоңырау ілінген Әминаның да басқан ізі аңдулы болып, соғысқа дейінгі жылдары көп қиындық көреді.

Жасынан тағдыры маңдайына қиғаш ізін салған Мәншүк Мәметова соғыс басталған жылы үйін тастап, жатақханаға қоныс аударады. 1940 жылы Мәншүк ауылдағы туыстарына материалдық көмек сұрап хат жазады. Өкінішке қарай, бұл хатына тіл қатқан жан болмайды. Себебі, туыстары «халық жауының қызымен» байланысудан қорқып, іргесін аулақ салған еді.

Әкесі Ахметтің ұсталып кеткеніне қатты қайғырған көрінеді. Ол кезде әкесінің ату жазасына кесілгенінен де бейхабар еді. Әкесінің атылып кеткенін де білмей, ол кезде қоғамда «халық жауының» балалары өз еркімен майданға аттанса, ата-анасының бар жазасы кешіріледі» деген қаңқу сөз тарап, соның жетегімен Мәншүк бір жыл бойы әскери комиссариатқа әскерге бару туралы өтініш жазумен болған.

Келер жылғы тамызда еліміздің сол кездегі астанасы Алматы қаласынан 100-ші ұлттық атқыштар бригадасы жасақталады. 5 мыңға жуық жауынгердің арасында Нұржан Құсайынов, Райымбек Бәйсейітов, Тахауи Ахтанов, Әзілхан Нұршайықов, Мәлік Ғабдуллин және Сұлтан Жиенбаев сынды қазақтың біртуар азаматтары да болған. Оның ішінде екі қазақ қызы – Мәншүк Мәметова мен Мәриям Сарлыбаева да бар еді. Сөйтіп, Мәншүк бой түзеп, сәнденіп жүретін уылжыған шағында сәнді туфлидің орнына керзі етік киеді.

«Өзімнің жұлдызымды беремін!»

Оқ борап, от ораған қан майдан даласына аттанған шынашақтай қазақтың батыр қызы барлық ұрыста да батылдығымен, өжеттілігімен көзге түсіп, жігіттермен иық түйістіре ауыр қару-жарақ түрлерін шебер меңгеріп, жаумен шайқаса жүріп, талай жаралы жауынгердің жарасын таңып, дәрігерлік білімінің арқасында өлім аузынан арашалап қалып отырған. Елді, жерді сағынып жүрген майдандастарына, от пен оқтың ортасында жүрсе де, жүректерге үміт, қуаныш сыйлайтын әндерді тамылжыта шырқап беретін болған деседі. «Максим» пулеметінен, автоматтық қарудан атуды меңгерген Мәншүк шайқастарда жауға бет қаратпай оқ жаудыратын болған. Қазақ қызының қайсарлығына сүйсінбеген жан қалмаған. Тектілігі мен ептілігінің арқасында Мәншүк жауларына сан мәрте тойтарыс берген. Ол 1942 жылдың қарлы қысында Великие Луки қаласын жау қолынан азат етуге тікелей қатыса жүріп, ұрыс алаңында санитар-нұсқаушы болып шайқасып, «Қайырымды солдат» атанады.

Құрамында Мәншүк те болған батальонға 1943 жылдың қазан айында Псков облысындағы Невель қаласын жаудан еш шығынсыз азат ету туралы бұйрық беріледі. Изоча стансиясындағы 173,7 биіктікте сұрапыл ұрыста  қазақтың жаужүрек пулеметші қызы өзінің «Максимімен» тоқтаусыз оқ боратып, бір өзі 70 неміс фашисін жер жастандырады. Бірақ өзі де сол кескілескен шайқаста, 1943 жылғы 15 қазанда, 21 жасқа толғанына екі апта-ақ өткенде ұрыс даласында опат болады. Мәншүк Мәметованың өлімі туралы газеттер жазып, радиолар хабар таратады. Бұл туралы қаруласы Әзілхан Нұршайықов «Невель түбінде» атты деректі шығармасында баяндайды. «15 қазанда Мәншүк қаза тапты. Бұл қаралы хабарды біз сол қырғын ұрыс болған күннің түнінде естіп, қабырғамыз қайысты. «Мәншүк өлді» деген хабарды естігенде тірі қалған солдаттар тегіс жыладық. Мәншүк ортамыздағы жалғыз гүліміз еді. Анамызды да, апамызды да, қарындасымызды да, сүйген жарымызды да біз сол арқылы көзімізге елестетуші едік», – деп жазады қаламгер.

Ал «Комсомолдың Орталық комитетінің бірінші хатшысы Михайловқа, болмаса маған Батыр атағын берген Калининнің өзіне барамын. Тіпті Ворошиловқа кіремін. Одан түк шықпаса, менің Мәлік атым құрып кетсін, өзімнің жұлдызымды беремін!», – деген Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің табанды мінезімен 1944 жылғы 1 наурызда Мәншүк Мәметоваға Батыр атағы берілген екен.

Мәншүк отырған парта

Бүгінде Мәншүк Мәметованың атында Невель, Алматы, Орал және басқа да қалаларда көшелер бар. Алматы қаласындағы батыр қызымыз оқыған №28 лицейге Мәншүк Мәметованың аты берілген. Еліміздің ондаған мектебі, Қызылорда қыздар педагогикалық училищесі, Ақтөбе медициналық колледжі Мәншүгіміздің есімімен аталады. Сонымен қатар, Астана, Алматы, Орал қалаларында және Невель (Ресей) шаһарында Мәншүк Мәметованың ескерткіштері орнатылған.

Ақын, жазушы Мәриям Хакімжанова 1945 жылы қаһарман қыздың өмірі мен өшпес ерлігі туралы «Мәншүк» поэмасын жазса, 1969 жылы «Мәншүк туралы дастан» (сценарий авторы Андрей Михалков-Кончаловский, режиссері Мәжит Бегалин) көркем фильмі түсірілген.

 

Алматы қаласында сонау 1928 жылы ашылған, кезінде Мәншүктің ізі қалған №28 мектепте бүгінде батыр қыздың музейі жұмыс істеп тұр. Музей ашылған 1978 жылы мамырда салтанатты кешке Моншақтың анасы Әмина Мәметова келіп қатысқан екен. Аталған музейдегі құнды экспонаттардың бірі – Мәншүк отырған мектеп партасы.

Мәншүк Мәметова – аяулы есімін тарихқа қанмен жазып кеткен қазақтың қайсар қызы. Оның өмірі мен ерлігі - мәңгілік тақырып. Себебі, Моншақ қыз - біздің бүгінгі бейбіт күндеріміз үшін өз өмірін құрбан еткендердің бірі. Сондықтан жас ұрпақтың әрдайым ұлықтап жүргені керек бізге.

Дайындаған Нұржамал ӘЛІШЕВА.

 

«АҚШАМНЫҢ» АНЫҚТАМАСЫ

  • Мәншүктің азан шақырып қойған аты – Мәнсия. Анасы «Моншағым» деп еркелеткен. Ал бүлдіршіннің өз атына тілі келмей «Мәншүкпін» деп кеткен.
  • Қан майданда Нұржан Құсайынов, Райымбек Бәйсейітов, Тахауи Ахтанов, Әзілхан Нұршайықов, Мәлік Ғабдуллин және Сұлтан Жиенбаев сынды қазақтың біртуар азаматтарымен қатар жүрген.
  • Ұрыс алаңында санитар-нұсқаушы болып шайқасып, «Қайырымды солдат» атанған.
  • Бір айқаста бір өзі «Максим» пулеметімен 70 немісті жайратқан.