Мистикалық өлім немесе отбасылық драма: Америкада тауға кеткен блогерлер өлі табылды

Мистикалық өлім немесе отбасылық драма: Америкада тауға кеткен блогерлер өлі табылды
Cурет: Vesti.ru

Алдымен буындырылып өлтірілген бойжеткеннің денесі табылған

АҚШ-та тауға кетіп, жоғалып кеткен саяхатшы блогерлердің тарихы драмалық сипат ала бастады. Федералды тергеу басқармасы блогер Брайн Лондридің өлі денесі мен жеке заттарын тапты. Бұған дейін оның жанында болған бойжеткен Габби Петитоның тұншығып өлген мүрдесін тапқан еді. Қалындығының өліміне жас блогердің қатысы бар ма және оның өзі неден көз жұмды?

Қазір бүкіл Америка осы жағдайды талқылап жатыр. Өйткені бұл жайт голливудтық фильмнің сценарийіне ұқсас. Дегенмен, іс жүзінде не болғанын ешкім білмейді, саяхатшы жұптың арасында нақты қандай жағдай болғаны жұмбақ күйінде қалып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

.

«Вести» телеарнасының мәліметінше, 23 жастағы Брайан Лондридің ата-анасы полицияға ұлын іздеуге көмектескен, нәтижесінде ұлттық саябақтан оның мүрдесі мен жеке заттары табылған. Қазір бұл істі тергеумен елдегі ФТБ-ы айналысып жатыр.

«Біздің тергеу тобымыз оқиға болған жерде тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, олар сол аумақты түгелдей тексеру үшін барлық криминалдық ресурсты пайдалануда. Жұмыс тобы ол жерде әлі бірнеше күн жұмыс істеуі мүмкін. Барлықтарыңызда сұрақ көп екенін білемін, бірақ бізде әлі нақты жауап жоқ. Көкейіміздегі сұрақтардың барлығына жауап табу үшін біз тынымсыз жұмыс істеп жатырмыз»,-деді ФТБ-ның арнайы агенті Майкл Макферсон.

Иә, блогерлердің жұмбақ өліміне қатысты сұрақ журналистер мен тергеу қызметінде ғана емес, марқұмдардың әлеуметтік желідегі жазылушыларында да көп.  Габби Петито мен Брайан Лондри осыдан бірнеше ай бұрын АҚШ бойынша саяхат жасауға аттанады. Олар барған жері туралы мәліметтерді әлеуметтік желіге жариялап, әсерлерімен бөлісіп отырған. Алайда бойжеткен кенеттен жоғалып кетеді. Сапардың бірінен оралған оның ғашығы Габби жайлы айтудан бастартады, артынша өзі де жоғалып кетеді. Арада бірнеше күн өткенде буындырылып өлтірілген қыздың денесі ұлттық саябақтан табылады. Міне, арада екі айдай уақыт өткенде жігіттің денесі мен жеке заттары да табылды. Полиция жігіттің мүрдесі табылған жерді жақында су басқандықтан, айғақтарды сараптамандан өткізу қиынға соғып отырғанын жеткізді. Тіптен, медициналық сараптаманы тіс дәрігерлерінің көмегімен жасапты. Блогердің мүрдесі жатқан жерде оның сөмкесі мен қойындәптері де болған. 

«Оған болған жайттың барлығын қойындәптеріне жазу үшін уақыт қажет болған болуы мүмкін. Онда кешірім сұраған жазбасы да бар шығар. Бойжеткен Габбидің отбасына кім болса да жауап беруі керек. Бұл қойындәптерде нақты жауап барына сенімдімін,-дейді криминалист Кейси Джордан.

Қыз бен жігіттің отбасы бір-бірімен араласпайды. Олар журналистерге қарағанда көп нәрседен хабардар болуы мүмкін, бірақ тісжармай отыр. АҚШ заңы бойынша жеке өмірдің құпиясы қатаң сақталады. Ресми мәлімдемелерге қарағанда Габбидің өлімінде ешқандай мистикалық сипат жоқ сияқты. Алайда, интернет қолданушылардың басым көпшілігі бастапқыда  бұл жағдайды мистикалық өлімге теңеген еді. Өйткені қыз адам жүрмейтін табиғат аясында кенеттен жоғалып кетті. 

«Кеше Габби Петитоның әкесімен сөйлесудің реті келді. Оның халін біліп, қандайда бір көмек көрсете аламын ба деп сұрадым. Ол қызының отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанына нақ сенімді. Мен де онымен келісемін. Біз кейде жауапқа тартылуы керек адамдарды байқаймыз, бірақ үнсіз қаламыз. Ал олардың әрекеті ұлғая түседі де, арты қайғылы жағдайға әкелгенде ғана сан соғып қаламыз»,-дейді Флориданың губернаторы Рон Десантис.

Саяхат барысында қыздың өз жігітінің қолынан қаза тапқанын полиция камерасындағы жазба да айғақтай түседі. Қыдыруға кеткен қыздың көлікте жылап тұрғаны полицияның күмәнін тудырған. Оны байқаған полиция көлікті тоқтатып, бойжеткеннен бәрі дұрыс па деп сұрайды. Алайда, қыз жігіне арыз жазбаған, кездесу тек әңгіме түрінде аяқталған. Осы кезде қыз қатты қателессе керек. Егер сол сәтте жанындағы адамнан бойын аулақ алғанда мүмкін тірі қалар ма еді.