Министрлік Қапшағайдағы балықтардың қырылуына қатысты түсінік берді

Министрлік Қапшағайдағы балықтардың қырылуына қатысты түсінік берді
Сурет: Ашық дереккөзі

Оқиғаның себебін анықтау үшін сынамалар алынды

Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Қапшағай су қоймасында балықтардың қырылуы туралы бейнематериалдар анықталды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды  Almaty-akshamy.kz.

Балықтардың қырылуына әкеп соқтырған мән-жайларды анықтау мақсатында Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы өзара іс-қимыл схемасына сәйкес жануарлардың қаупін және қырылуын анықтаған кезде, уәкiлеттi органдарға дереу хабарланды.

«Атап айтқанда, оқиға орнына инспекция қызметкерлерімен бірге, Алматы облысы әкімінің орынбасары Р.Рақымбеков, сондай-ақ әкімдікке қарасты табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қызметкерлері, мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасының өкілдері келді. Басқа да жауапты мекемелердің мамандары жұмыстың басы-қасында болды. Нәтижесінде «Айна Су» ЖШС-не бекітілген Лев тауы аймағындағы Қапшағай су қоймасы балық шаруашылығы учаскесінің №11 жағалау сызығында жас балықтардың қырылғаны белгілі болды. Олардың жалпы салмағы шамамен 350-400 кг болады», - делінген хабарламада.

Оқиғаның себебін анықтау үшін Қонаев қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Алматы облысы бойынша экология департаменті, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС және «Қазгидромет» РМК мамандары су сынамаларын, сондай-ақ жас балықтардың үлгілерін алды.

«Қазіргі уақытта «Айна Су» ЖШС аң аулау қызметі өлі балық шабақтарын одан әрі кәдеге жарату үшін жинап жатыр. Су және жас балықтарды зерттеу нәтижелері бойынша қосымша мәліметтер ұсынылатын болады», - деп жазды министрліктен.

Қонаев қаласының ІІБ-да балықтардың қырылу фактісі тіркелді.