Министр: танымал телеарналарының өнімдерін қазақ тіліне аударса, балалар қазақша сөйлейді

Министр: танымал телеарналарының өнімдерін қазақ тіліне аударса, балалар қазақша сөйлейді
Cурет: Mediasat.info

Танымал шетелдік мультфильмдер қазақ тіліне аударылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Жыл басынан бері біз шетелде танымал мультипликациялық телеарналардың өнімдерін қазақ тіліне аудару бойынша жобаны іске қостық. Дәлірек айтқанда, бұл - TiJi, Nickelodeon сияқты арналардың мультфильмдері. Олармен келіссөздер жүргізілді. Қазір «Қазақфильм» негізінде аударма жасауға кірісіп кеттік. Жыл соңында бұл жұмыс аяқталады. Бұл Nickelodeon және TiJi мультфильмдері қазақша сөйлейді дегенді білдіреді. Бүгінде қазақтілді отбасыларда тәрбиеленіп жатқан кішкентай балалардың орыс тілінде сөйлейтіні ешкімге құпия емес. Бұл - мультфильмдердің салдары. Тіл тек ата-ана тәрбиесіне ғана емес, экранға да байланысты қалыптасатын уақыт келді. Шынында да, қазақтілді бала кейінгі уақытта мультфильмдердің әсерінен орыс тілінде сөйлей береді. Сондықтан біз осы телеарналармен келіссөздер аясында 800 сағаттық өнімді қазақ тіліне аудару бойынша жұмыс істеп жатырмыз», - деді Аида Балаева ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

«Салыстыру үшін, «Маша мен аю» мультфильмінің бірінші маусымының түсіріліміне 2 млрд теңге жұмсалады, бұл тек екі сағаттық өнім. Ал біз танымал мультипликациялық арналардың 800 сағаттық өнімін төрт есе арзанға жасаймыз. Егер біз өзіміз сапалы өнім шығаратын болсақ, онда ол үлкен қаражат пен көп уақытты қажет етеді. Қазір біз әр уақытты тиімді пайдалануымыз керек», - деп түсіндірді министр.

АҚДМ басшысы танымал телеарналардың мультфильмдерін қазақ тіліне аударатын болса, балалар да қазақ тілінде сөйлейді деп есептейді. Сонымен қатар, Аида Балаева басқа тілдерді де үйрену қажеттігін атап өтті.