Министр мал шаруашылығы мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады

Министр мал шаруашылығы мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады
Сурет: Qazaly.kz

Агроөнеркәсіптік кешеннің жетістіктерінде қарапайым жұмысшылардың да, жетекші мамандар, ғалымдар мен ауылдағы әлеуметтік-мәдени сала қызметкерлерінің де орасан зор еңбегі бар. Осылай деген ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мерекемен құттықтап, алғыс білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

«Қазақстан – бағзы заманнан мал шаруашылығымен айналысатын ел. Дәл осы мал шаруашылығы әрқашанда қазақтың тұрмысының негізі, көшпелі халық өмірінің аса маңызды бөлігі болып келді. Салада әрқашан мақтан тұтатын жетістіктер жеткілікті. Айтар болсақ, қазақтың ақбас және әулиекөл сынды ірі қара тұқымдарының сапа көрсеткіштері бойынша әлемде теңдесі жоқ. Соңғы жылдары елімізде мал шаруашылығының даңқты дәстүрі қайта жаңғырып жатыр», - деді министр құттықтау сөзінде.

Ол бүгінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тікелей субсидиялау жүзеге асырылып жатқанын және мал шаруашылығы секторында жұмыс істейтін 30 мыңнан астам ауыл шаруашылығы өндірушілері жыл сайын мемлекеттің қолдауына ие болатынын еске салды.

«Мен қажырлы еңбегі және кәсібилігімен елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен халықтың өмір сүру деңгейін қамтамасыз етіп отырған саланың барлық қызметкерлерін құттықтағым келеді. Агроөнеркәсіптік кешеннің жетістіктерінде – жерді өңдеп, нан, көкөністер мен жемістер өсіретін, сүт пен ет, азық-түлік тауарларын өндіретін қарапайым жұмысшылардың да, осы саланың мамандары – жетекшілер, аграрлық ғалымдардың, ауылдағы әлеуметтік-мәдени сала қызметкерлерінің де орасан зор еңбегі бар. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз, өз істеріңізге деген адалдықтарыңыз және мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуіне қосып жатқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын», – деді Ербол Қарашөкеев.