Министр Аида Балаева қазақстандық спортшыларды қолдауға шақырды

Министр Аида Балаева қазақстандық спортшыларды қолдауға шақырды
Сурет: Egemen.kz

Біз үшін біздің спортшылардың барлығы да нағыз Чемпиондар!

Қазақстанның ақпарат және даму министрі Аида Балаева Олимпиадаға қатысып жатқан отандық спортшыларды қолдауға шақырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Өкінішке орай, бүгінде Токио Олимпиадасындағы кейбір спортшыларымыздың сәтсіздігіне көпшілік жағымсыз пікірлер мен тым әділетсіз сын айтып жатыр. Оның ішінде бұған дейінгі жарыстарда еліміздің атын төрткүл дүниеге танытып жүрген танымал атлеттеріміздің де аттары аталуда. Мысалы, 2016 жылы Рио Олимпиадасында Василий Левиттің рингтегі өнеріне бүкіл еліміз тамсанды, оған көрсетілген әділетсіздікке бірге жандары ауырды. Осы жолы Василий жеңілді, бірақ оның осы бес жыл ішінде еліміз үшін дайындалып, кезекті олимпиадалық циклден өтіп, рингке қайта шығуының өзі құрметтеуге тұрарлық шешім деп санаймын»,– делінген министрдің әлеуметтік желідегі жазбасында.

Сонымен қатар Аида Балаева Ольга Рыпакованың да еңбегін атап өткен.

«Ольга Рыпакованың да сәтсіздігі мен оның кәсіби карьерасын аяқталды деген ақпарат көңілге тіпті қаяу түсіреді. Ольга - бүкіл саналы ғұмырын отандық спорт жолына арнап, еліміздің атын талай мәрте дүбірлі додаларда асқақтатқан бірден бір жеңіл атлет. Ол 36 жасында өзінің төртінші Олимпиадасына қатысып, еліміздің намысын кезекті рет қорғауға шешім қабылдады. Олар үлкен спорттағы карьерасын аяқтағанымен, алдағы уақытта өздерінің ізін басар шәкірт тәрбиелеуде үлкен еңбек етеді деп сенемін», – деп жазды министр.

Аида Балаева қандай жағдайда да ұлы спортшыларымыздың жетістіктері мен жеңістерін біз ешқашан ұмытпауымыз керек деп санайды.

«Қиын сәттерде қолдау көрсету арқылы ғана біз оларға сенім ұялатып, келер күндердің жеңістерінен үміт ете аламыз. Біз үшін біздің спортшылардың барлығы да нағыз Чемпиондар!»,– деп жазды Аида Балаева. 

Жапония астанасы Токиода  өтіп жатқан Олимпиадалық ойындарда Қазақстан спортшылары 7 қола медаль иеленді. Қазіргі кезде Қазақстан жалпыкомандалық есепте 76-орында тұр.

Еске сала кетсек, отандық спортшылардың көрсеткен нәтижелеріна көңілі толмаған қазақстандықтар әлеуметтік желілерде «қола дәуірі басталды» деген тақырыппен суреттер сала бастаған болатын.