Мереке күндері қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

Мереке күндері қауіпсіздік шаралары күшейтіледі
Сурет: Inform.kz

Көліктегі полиция департаменті қауіпсіздік шараларын жүргізеді 

Көліктегі полиция департаментінің жеке құрамы биылғы жылғы 7-10 мамыр аралығында еліміздің темір жол және әуе вокзалдарында, сондай-ақ жолаушылар поездарында қауіпсіздік шараларын күшейтеді. Бұл «Отан қорғаушылар күні» және «Жеңіс күні» мерекелерімен байланысты қолға алынған шара. Бұл туралы департамент бастығы Оңал Бекеев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, мереке күндері әуе және теміржол көлігіндегі жолаушылар ағыны екі есеге артады. Осыған байланысты, көлік полицейлері құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету, сондай-ақ құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу бойынша іс-шаралар кешенін жүргізеді.

«Қоғамдық тәртіпті сақтауға және әуе, теміржол көлігімен қатынайтын жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәулігіне департаменттің 1000-нан астам қызметкері жұмылдырылды. Басшылық құрам қатарынан жауапты лауазымды тұлғалардың кезекшілігі белгіленді», - деді О. Бекеев.

Ведомство басшысы өз сөзінде кинологтардың да қызметтік-іздестіру иттерін қолдана отырып, тұрақты түрде перрондарды, вокзалдар мен әуежайлардағы барлық багаж бөлімшелерін, сақтау камералары мен күту залдарын тексеретіндігін жеткізді.