Мергендер «АрХО-2022» кезекті кезеңінде жеңіске жетті

Мергендер «АрХО-2022» кезекті кезеңінде жеңіске жетті
Сурет: Gov.kz

Қазақстандық жауынгерлер Халықаралық армия ойындары өтіп жатқан полигондарында өздерінің кәсіби шеберлігін көрсетіп, сайыстар әрі қарай қызықты өрбуде, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Ақмола облысының Щучинск қаласындағы «Амандық» полигонында «Меридиан» сайысына қатысушылар екінші «Азимут» кезеңінің жаттығуын орындады. Ауданы 12 шаршы шақырым ауданның орташа қиылысқан жері бойынша қозғала отырып, сегіз елдің әскери топографтары берілген бағыттар мен тактикалық тапсырмада көрсетілген бақылау нүктелері бойынша өтті. Топогеодезиялық есептоптардың сайысында 41 минут 53 секундта жеңіске жеткен Қазақстан командасы болды. Сайысты екінші болып  Қытай әскери қызметшілері – 46 минут 36 секунд, үшінші – Беларусь 49 минут 26 секунд уақыт көрсеткішімен аяқтады. 
Қарағанды облысының «Спасск» оқу-жаттығу полигонында «Тактикалық мерген» жарысының «Жауынгер екеу» деп аталатын екінші кезеңі өтті. Әскери қызметшілер ғимаратты шартты қарсыластан азат ету тапсырмаларын орындады. 
«Аталған жаттығуды орындау кезінде оқыс оқиғаларды болдырмау үшін төрешілер ғимарат ішіндегі атқыштардың жанында болып, қауіпсіздік техникасының сақталуын бақылайды. Мұнда жауынгерлер бірге жұмыс істей отырып, екеуі де барынша мұқият және сақ болуы керек», –  деді сайыстың төрешісі майор Ғалым Садықов.
Кәсіби шеберліктің, жылдам және үйлесімді іс-қимылдың арқасында Қазақстан командасы жеңіске жетті. Екінші орында Қытайдың әскери атқыштары, үшінші орында – Өзбекстан.
Жамбыл облысындағы «Гвардейск» полигонында «Артиллериядан оқ ату шеберлері» сайысында минаатқыш есептоптарының екінші кезеңінен кейін, яғни жеке жарыс пен түнгі спринт нәтижелері бойынша Қазақстанның әскери қызметшілері көш бастап келеді. Екінші орында Ресей командасы, үшінші орында – Әзербайжан.
Әзербайжан Республикасының аумағындағы теңіз полигонында өтіп жатқан «Теңіз кубогы» сайысының екінші кезеңі өтті. Әскери теңізшілер теңіз нысаналарына артиллериядан оқ атты. Жаттығуларды орындау нәтижелері бойынша қазақстандық теңізшілер 87 ұпаймен екінші орынға табан тіреді, ал, бірінші орынды 90 ұпай алған ресейлік және әзербайжандық әскери қызметшілер өзара бөлісті.