«Менің анам!» байқауының жеңімпаздары марапатталды

«Менің анам!» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Cурет: Almaty-akshamy.kz

Жеңімпаздарға кәдесыйлар және театрға билеттер берілді

«Alatay aqparat» медиахолдингінің ұйымдастыруымен өткен «Менің анам!» тақырыбындағы сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.


Кішкентай қылқалам шеберлері мен өнерпаздарды құттықтау рәсіміне медиахолдинг басшылығы, байқауға серіктестік танытқан театрлардың өкілдері және жеңімпаздар мен олардың ата-аналары қатысты. Айта кетсек, байқауға тек қана оқушылар емес балабақша тәрбиеленушілері де қатысқан болатын. Қатысушылар арасында Алматы қаласының балдырған өнерпаздарынан бөлек, елорданың кішкентай тұрғындары да бар. 
Өнерпаздарды марапаттау барысында «Alatay aqparat» медиахолдингі бас директорының орынбасары Дәурен Дүйсебаев барлық қатысушыларға, ата-аналарға балаларды қанаттандырып, игі шараларға қатыстыруға атсалысқандары үшін алғысын жеткізді. 

«Ана тақырыбында кішкентай өнерпаздарымыз өте жақсы суреттер салып, видеолар түсірді. Ана бәріміз үшін қашанда биік тұлға, ұлы есім. Біз аналарымызды, аруларымызды, қыздарымызды қашанда құрметтейміз. Аяулы тақырыпқа арналған байқауда қатысушыларымыз өздерінің өнерлерімен бөлісті. Сәбилік сезімдерін суретпен жеткізді. Бұл байқаудың орны ерекше деп білемін. Алда әлі байқаулар болады. Өнерлеріңіз өрге жүзсін», - деді Дәурен Дүйсебаев.

Ал медиахолдингтің коммерциялық директоры Қуаныш Дюскалиев балдырғандарымыздың өнерлеріне сәттілік тілеп, байқауларда жүлдеге ие бола берсін деген тілегін арнады және әрқашан өнерпаз балаларды қолдап, оларға демеу болуды жалғастыра беруді жеткізді. 

Сурет салып, өз өнерлерімен бөліскен дарынды балдырғандарды марапаттау рәсіміне арнайы келген, осы бақауға серіктестік білдірген Мемлекеттік қуыршақ театрының өкілі Бейбіт Әлкеева: «Бала бойындағы талантты ашып, іштегі тұнып тұрған шеберліктің қанат қағуына мүмкіндік беріп, баланы жақсыға бейімдеу бұл – ата-ананың үлкен еңбегі. Баланың жастайынан өнерге құмар болуы болашақта үлкен белестерге жетелейді. Бүгін осы сурет байқауына қатысқан әрбір бала талантты әрі өнерлі. Болашақта үлкен белестерді бағындыра берсін. Мәдени ошақ - театрларға келіп көкжиектерін дамытып, көзқарастарын кеңейтсін. Біз жеңімпаздарға қойылымдар көруге арнайы шақыртулар ұсынып келіп отырмыз», - деген жүрекжарды тілегін арнады.

«Менің анам!» сурет байқауында үздік деп танылған сегіз жеңімпазға «Alatay aqparat» медиахолдингінің атынан естелікке кәдесый өнімдері табысталып, байқауға серіктестік танытқан Мемлекеттік қуыршақ театры мен Н.Сац атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының қойылымдарына билеттер берілді.

Балаларға риясыз қуаныш сыйлаған байқауға тек жеңімпаздар ғана емес, ата-аналар да алғыстарын жеткізді.

Жеңімпаздардың ата-аналары атынан сөз алған Ақбота Жеңісқызы: «Алып шаһардың тыныс-тірлішілігнен ақпарат таратып отырған «Almaty aqshamy» газетінің редакциясында бас қосып, балаларымызды марапаттап қуантып жатырсыздар. Бұл газетті біз өзіміз де үзбей оқитын оқырмандардың біріміз. Бұның өзі балаларға үлкен үлгі, тәрбие. Биылғы балалар жылында балдырғандарымызға қуаныш сыйлап, кішкентай өнерпаздарымыздың тамшыдай ғана өнерін, таудай бағалап жатқан ұйымдастырушыларға, «Alatay aqparat» медиахолдингіне алғыс айтқымыз келеді», - деген ойын жеткізді.

Марапатта жеңімпаздар арнайы естелік суреттерге түсіп, алда өткізілетін өзге де байқауларды асыға күтетіндерін әрі қатысуға дайын екендіктерін айтып жатты.

Бұған дейін айтқанымыздай, байқау медиахолдингтің инстаграмдағы @aqshamy.official ресми парақшасында өтті. Байқаудың шарты бойынша балалар «Менің анам!» тақырыбы аясында анасының суретін салып, видео түсірді.
Осы сайысқа атсалысып, өз жұмыстарын жолдаған біздің жас суретшілерімізге алғыс айтамыз.