Мен Нұрланды қазақ поэзиясында санаулы ақындардың бірі деп қабылдаймын - Фариза Оңғарсынова

Мен Нұрланды қазақ поэзиясында санаулы ақындардың бірі деп қабылдаймын - Фариза Оңғарсынова
сурет: Almaty-akshamy.kz

«Аlatay Аqparat» ЖШС ұжымы даңқты ақын Нұрлан Оразалинді мерейтойымен құттықтай отырып, 75 жастың биігіне шыққан қазақ өлеңінің ақиығы туралы әр кезеңде жазылған белгілі адамдардың мақалалары мен орамды ойларынан үзінділерді оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«...Оразалин ақындықтың, поэзияның небір терең сырларын, нәзіктігі мен от-жалыны, шуағы мен нөсері  барын сыншыларымыздың бірде-бірі айта алмаған мағыналы, мәнді түрде айтқан...» -  Ғабит МҮСІРЕПОВ, 1984  жыл.

***

«Я, как старейшина советской и пост­советской литературы, видавший на своём веку достаточно разных людей, восхищён порядочностью, человечностью, деловитостью и скромностью моего молодого друга, коллеги Нурлана Мыркасымовича Оразалина и уверен, что он и своим литературным талантом, и неспокойным добрым сердцем, и организаторской способностью принесёт много-много пользы для духовного единства народов наших стран...», - Сергей МИХАЛКОВ, 2004 г.

***

«Нұрлан не жазса да әбден бояуын қандырып, көңілінде көп тербеп, көп толғатып барып қағазға түсіреді. Оның үстіне ол поэзияның арғы-бергісін тіпті көп біледі. Сол білгеннен қашады. Қашады да өзінше бір жыр желісін ашады...
Інімнің ой-толғаулары, қалам сілтестері өз қатарластары емес, алдағы ағаны да бір сілкитін, оятатын айқай деп бағалаймын. Мен Нұрланың өлеңдерін оқып отырып, көбіне ойға батамын, әлдебір әсем әннің әуезін естігендей күй кешемін. Нұрланның жырлары оқырманын бейжай қалдырмайды. Жылатады. Мұңайтады. Күрсінтеді. Қуантады. Ширықтырады. Арыңды аялап, намысыңа қамшы салады. Осының бәрі айналып келгенде, нағыз жырдың, нағыз өлең тамырының соғысын анықтар критерий-өлшемдер. Жырдың көркемдік қуаты мен ақындық мінездің сыр-сипаттарын анықтар басты белгілер», - Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ, 1997 жыл.

«...Мен Нұрланды толысқан, шығармашылық жағынан да, азаматтық жағынан да бірдей өсіп, кемелденіп келе жатқан тұлға ретінде қатты сыйлаймын, қадірлеймін. Нұрланның, әсіресе, маған азаматтық көзқарастары мен қайраткерлігі ерекше ұнайды... Қазіргі таңда әдебиетке, ұйымды басқаруға, әдеби процесті үйлестіруге мэтр керек пе, менеджер керек пе деген мәселе – шешімі қиын даулы мәселе! Әзірге мэтрге де, менеджерге де бірдей икемі бар, оған жеткілікті мөлшерде өмірлік тәжірибе жинақтаған бірден-бір адамымыз да осы – Нұрлан Оразалин. Әдебиеттің үлкен ақиқаттарын түсінетін және түсіндіретін тұлға тағы да осы Нұрлан!
...Әдебиет – ұлт абыройы. Ұлт абыройынан биік нәрсе жоқ. Ұлт абыройына қызмет ету – қай-қайсымыздың да парызымыз. Қысқасы, қазіргі және болашақ әдебиетіміздің өркендеуіне бәріміз бірге атсалысуымыз керек. Соның ішінде Сенатор, қаламгер Нұрлан Оразалин осынау ердің ері ғана шыдайтын, ұлттың ұлылығын паш етер абыройлы істің басы-қасында болуы керек деп есептеймін!», - Әбіш КЕКІЛБАЕВ, 2014 жыл

***

«Мен Нұрланды қазақ поэзиясында санаулы ақындардың бірі деп қабылдаймын... Ол өмірдегі барлық болмысқа, құбылысқа ызасы бетіне теуіп, тепсіне қарамайды. Ыза – ақылдың жауы... Ол тіршілік болмысына биіктен, парасат биігінен байыппен қарайды...», - Фариза ОҢҒАРСЫНОВА, 1988 жыл.

***

«Нұрлан ең алдымен ақын. Ақын болғанда, қазақ өлеңіне қомақты олжа салып, өз биігін өзі анықтап келе жатқан мықты ақындарымыздың бірі, бірегейі. Өз үні, өз қолтаңбасы айқын, ұлт биігіне көтерілген ақын.
Нұрлан – драматург. Мәдениет министрлігінде жүрген кезеңде біраз пьесалар жазды. Ол дүниелері сахна бетін көрді, күні бүгінге дейін театрларда жүріп те келеді. Нұрланның пьесалары – қазақ мәдениетіне қосылған үлес. Осы тұрғыдан келгенде, Нұрлан тек қана әкімшілік жолмен, яғни Жазушылар одағының басшысы болумен ғана аты шығып келе жатқан жоқ. Ол – өзінің шығармашылық табыстарымен де жарқырап көрініп жүрген қазақ әдебиетіндегі көрнекті тұлға.
Нұрлан – біздің дәуіріміздің үлкен ақындарының қатарын сапалы тұрғыдан молайтқан ақын», - Тұрсынбек КӘКІШЕВ, 2014 жыл

***

«Поэзия әлемінің қат-қабат жұмбақ сыры, нәзік иірімі, еріксіз өзіне табындырар тылсым күші Нұрлан ақынның өлеңдерін оқыған сайын сезіліп, ақынның бүкіл ішкі әлемін алдымызға жайып салады... көз алдымызға жаны мазасыз, сезімі алаң тұлға келеді...», - Рымғали НҰРҒАЛИ, 2002 жыл.

***

«Еуразияның кіндігінде, Шығыс пен Батыстың терең мәдениеті тоғысқан жерде орналасқан Егемен Қазақстан азаматтық бірлік пен жалпы ұлттық татулықты сақтай отырып тегеуріні мықты демократиялық мемлекет құрып жатыр. Қазақстан Жазушылар одағы тек қазақ қаламгерлерінің ғана емес, ұлттар әдебиеті өкілдерінің туған үйіне айналды. Кеңестік дәуірден кейінгі қиын кезеңдерде ол Халықаралық Жазушылар одағының қауымдастығы мен халықаралық әдеби қор құрылтайшыларының бірі болды. Көп жылдар бойы әдебиеттің дана патриархы Сергей Михалков басқарған Халықаралық Жазушылар одағы қауымдастығы ұлттық мәдениет пен әдебиеттің өзара тиімді шығармашылық байланысының нығаюына көп ықпал етті, оның ықпалы әлі де өте зор. Осы бір қиын да күрделі істің бастауында Расул Ғамзатов, Мұстай Кәрім, Шыңғыс Айтматов, Олжас Сүлейменов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Давид Кугультдинов сынды азаматтар жүріп Қауымдастықтың дамуына үлкен үлес қосты.
Достастық мемлекеттерінің мәдени бірлігі мен осы әдебиетшілерінің өзара қарым-қатынасының нығаюына Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы мен оның Басқарма Төрағасы, ақын, драматург Нұрлан Оразалиннің қосқан үлесі өте зор. Халықаралық Жазушылар одағы қауымдастығының бірінші хатшы-координаторы Тимур Полатов қызметінен кеткен соң бұл жауапты міндетті ақаруға Сергей Михалков арнайы Нұрлан Оразалинді шақырған еді. Алайда, Қазақстан Жазушылар одағының басшысы өз қажыр-қайратын туған еліндегі Жазушылар одағының дамуы мен көркеюіне жұмсағанды жөн санайды. Нұрлан Мырқасымұлының бұл орындағы қызметі маңызды әрі сындарды болғанын уақыт дәлелдеді. Қазақстан Жазушылар одағы реформалар кезеңінде өзінің тұтастығын сақтап, ғимаратын өзгелердің қолына өтуден аман алып қалды», - Феликс КУЗНЕЦОВ, академик, Ресей Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 2005 жыл. 

***

«Нұрланның өлеңдерін оқи отырып, мен өзім үшін жаңа бір әлем ашқандаймын. Ақын әлемі. Қазақ әлемі. Азат Қазақстан. Евразия кеңістігі... Ол әлем қат-қабат қаттаулы, астарлы, ерекше. Сондықтан да қызықты, еліктіргіш. Оның өлеңдерінде қазақшылық та, түркілік те, мұсылмандық та айқын көрініс тапқан. Мистика мен суфизм, халықтық һәм ұлттық мирас, өткен замандар мен бүгінгі уақыт бірге өріледі. Оның өлең жолдарынан көнеден келе жатқан ортақ тарихымыздың, бұрынғы бабаларымыздың жырақта қалған жан дауыстары естіліп тұрғандай. Ақын көңілі бір сәт жастық шағын да сағынатындай, бүгінгі заманның келбетіне мазасызданады, өз халқының бүгіні мен келешегін бақытты етіп көргісі келеді. Ақынның өлеңдерін оқығаннан соң: «Қазақтың шетсіз де шексіз даласы – жарқын болашаққа, өр рухты қазақтың көңілі Ғаламға және Құдайға жақынырақ па екен?» – деп те ойлап қоясың. Өйткені, өткен шақтарды еске түсіргенде де, туған халқының тағдыры жайлы толғанғанда да, Ғаламмен тілдесіп, Құдайға мінәжат еткенде де ақын өзін өте еркін сезінеді, әр сөзіне сендіре біледі...», - Роберт МИНУЛЛИН,Татарстанның халық ақыны, 2015 жыл.

***

АЛЛАНЫҢ ҒАНА ЕРКІНДЕ...

Дауым жоқ, деме!
Сөз жалған.
жауым жоқ, деме!
Көз жалған.
Көріп тұр бәрін Жаратқан,
Көріп тұр мына боз жалған.

Қасым жоқ, деме!
Іргеңде.
Досым көп, деме!
Бір демде...
Қас пенен досты танырсың,
тағдыр шеңгелі бүргенде...

Жанатын тұста жанып қал,
баратын тұста барып қал,
бастағы бақтың ғұмырын
уақыт шіркін анықтар.

Ғаламды көрсең...
Көр түнде!
Сағыныш – жүрек өртінде.
Өмірдің қызық, қайғысы – 
Алланың ғана еркінде!