МЕН ӘКЕМНІҢ «МЕККЕГЕ КЕТКЕНІНЕ» ӘЛІ КҮНГЕ СЕНЕМІН

600Негізі, әке туралы әндер айтылып, әке жайлы әңгіме қозғалған жерде менің көңілім басылып, біртүрлі қобалжып сала беремін. Әсіресе, «Әке – асқар тау» дегенде, өзімнен-өзім алабұртып қаламын. Өйткені, мен әке тәрбиесін көріп, әке ақылын ести алмай өстім. Осы орайда бұрындары ауылдың үлкен кісілері «Кімнің баласысың?» деп сұрағанда «Әуелбектің баласымын» деп, жүрегімді керемет бір сағыныш жайлайтын. Ондайда әлгі көкелерім «Ой, айналайын-ай, әкең Әуелбек марқұм сондай жақсы адам еді…» дейтін де, басымнан сипайтын. Ер адамның алақаны басыма тигенде менің көңіл-күйім бұзылып, жылағым келіп кететін. Сөйтіп, талай рет үйдегі атамның алдына барып, үн-түнсіз жатып алатынмын. Осы ретте атам Аймаханның 88 жасқа жетіп, біздің ержеткенімізді көріп кеткеніне құдайға шүкіршілік етемін бүгінде…

Жалпы, менің жан әкем Әуелбек Аймаханұлы 1922 жылы дүниеге келіпті. Ол кешегі қанқұйлы Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, бүкіл Еуропаны фашизмнен азат етіп, 1948 жылы елге оралады. Сөйтіп, келе анамыз Жанат Ерманқы­зымен шаңырақ көтереді. Өмірге бес ұл, бір қыз келеді. Дегенмен, соғыста алған жарақаттары жиі-жиі сыр беретін, соған қарамастан ауылда ауыр жұмыстарды атқарады. Соның зардабынан әкеміз Әуелбек 1964 жылы 30 сәуірде ауыр науқастан дүние салды.

Ол кезде мен 2 жасқа толмаған екенмін. Анам інім Орынбасарға жүкті болыпты. Аңырап қалған әжем Алтынкүлдің, әкемнің жалғыз әпкесі Айшо­нықтың зарлы дауыстары құлағымда қалыпты. Дегенмен, мен әкемнің бет-жүзін көз алдыма әкеле алмайтыныма әлі күнге өкінемін.

Әрине, әкемді білмесем де мен әке туралы айтылған әңгімелерді естіп өстім. Мысалы, бізді тәрбиелеген Айшонық апамның айтқан мына бір әңгімесі әлі күнге естен кетер емес. «Сөздің киесі болады, балам. Ауыз өзімдікі деп не болса соны сөйлей бермеңдер. Өтірік айтпаңдар! Сендердің марқұм әкелерің көп сөйлемейтін, момын адам болатын. Бірақ, кейде сөйлеген кезде тауып кететін еді. Бірде, Мақтарал ауданында тұрған кезде әжең соғысқа аттанып бара жатқан әкеңнің артынан Тәшкенге іздеп барыпты. Содан әне-міне жолға шыққалы отырған сарбаздардың арасынан баласын әзер тауып алып, «Жалғызым-ау, мұнша адамның арасында ертең қалай күн көресің!» деп, маң­дайынан сүйе берсе керек. Сонда Әуелбек марқұм еш алаңсыз «Өй, апа! Уайымдай бермесеңізші. Мұнда менен де жаман балалар бар екен» депті. Және сол момын әкең сұрапыл соғысқа кетіп бара жатқанда бір атаң тыныш жүрмей, «Менің үш ұлымның ең болмаса біреуі қан майданнан аман қайтар, ал Аймаханның жалғызы осы кеткеннен оралмайды ғой» дей беріпті. Астам сөйлеу ешқашан әбүйір әпермейді. Ақыры не болды?.. Аймаханның жалғыз ұлы қан майданда шылқылдатып қан кешіп, сегіз жылдан кейін елге оралды ғой. Айтқан жерде бәле жоқ, әлгі астам сөйлеген атаның үш ұлы да сол соғыста жоқ болып кетті. Көрдің бе, балам, не болса да ойланып сөйлеген дұрыс!» дейтін еді.

Әкем соғыстан кеудесін жарқыратып жеті орден-медальмен оралыпты. Тіпті, И.Сталиннің Сталинград, Варшава үшін шайқастарда көрсеткен ерлігіне байланысты алғыс қағаздары әлі күнге сақталған. Өкінішке қарай, әкем дүние салған соң ата-әжелерім орден-медальдарды тағып алып, ойнап жүрген біздерді бетімізден қайтармапты. Сөйтіп, олар әр жерде қала беріпті.

Бүгінде өкінетініміз, әкеміздің көзі ретінде сақтайтын артында әлгі мақтау қағаздарынан басқа ештеңе қалмапты. Осыған орай Әуелбектің үшінші баласы Бөгенбек ағам былай деп өлең арнапты.

 

Есімде бала кезде естірек мен,

Балғын жүрек арманын кеш түлеткен.

Қоймадағы көп қоқыс арасынан,

Тауып алдым тот басқан ескі кетпен.

 

Өн бойымды бір сезім жайлап алып,

Болмасам да сырына, жайға қанық.

Көңілімді керемет күй құлшындырып,

Тазалауға кірістім қайрақ алып.

 

Сағыныш па, кім білсін, тасып өткен,

Анашым басып мауқын жасы кепкен:

«Он жыл болды жоқ әкең, балапаным,

Он жыл болды пайдасыз осы кетпен».

 

Әкем марқұм айтатын әрдайым көп,

Ағашта жылда жеміс болмайды деп.

Сол кезде ойлаппын ба осы мүлік,

Әке мен бала арасын жалғайды деп.

 

Тепкілеп жатты бір күш сұйық қанды,

Алабұртып жас жаным сыр ұққан-ды.

Иығыма кетпенді артты да анам,

Ақ жаулығы желбіреп тұрып қалды.

 

Оғаштау болған шығар қылығым да,

Күлкі тұрған шаттықтан миығымда.

Кетпен емес сол сәтте, сезіндім мен,

Әкем келе жатқандай иығымда!

 

Міне, алдағы сәрсенбіде бет-жүзін білмесем де «Жәке» деп өскен жан әкемнің өмірден өткеніне 50 жыл толады. Ал бұл жылдар мен үшін анам жұбатып өсірген «Меккеге кеткен» әкемді сағына күткен жылдар болды…

Құттыбек АЙМАХАН

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *