«Мен денсаулықты таңдаймын! Біз туберкулезді жеңе аламыз!»

«Мен денсаулықты таңдаймын! Біз туберкулезді жеңе аламыз!»
Өңірлік коммуникациялар қызметі

Алматы қаласының Көлік иелеріне арналған Халыққа қызмет көрсету орталығына келушілер үшін «Мен денсаулықты таңдаймын! Біз туберкулезді жеңе аламыз!» науқаны өткізілді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

15 наурызда Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні аясында Алматы қаласы Алатау ауданындағы қала тұрғындары жаппай баратын орындардың бірі - Мамандандырылған көлік иелеріне арналған ХҚК орталығында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған «Мен денсаулықты таңдаймын! Біз туберкулезді жеңе аламыз!» кең  ауқымды науқаны өткізілді. 

Іс-шара барысында №29 қалалық емхана мен фтизиопульмонология орталығының мамандары қала тұрғындарының назарын туберкулездың алдын алу мен ескертуге баса аударды.

Жұмыс істейтін қала тұрғындарының көпшілігі орта жастағы тұрғындар, олар медициналық қызметкерлердің шақыртуларына қарамастан, уақтылы алдын ала қараулардан және скринингтерден өте бермейді.

Науқан уақытында халықты барынша қамту өзінің нәтижесін бергенімен қуантады.  Осылайша, науқан нәтижесі бойынша 500 адам қаралды.  Жүзге тарта алматылық арнайы ұйымдастырылған қозғалмалы кешенде флюрографиядан өтсе, шамамен 300 адам фтизиатр-пульмонолог, терапевт дәрігерлерінің кеңесін алды. 400-ден аса алматылық қан құрамындағы қант, холестеринді анықтау, көз қысымын өлшеу, спирография, экспресс-скринингтен өтті. 

№29 қалалық емхананың бас дәрігері Ақмира Садықова: "Тексеруден өткен әрбір қатысушы экспресс-скринингтің нәтижесін алды. Ал флюрографиялық зерттеудің нәтижесіне келетін болсақ, ол пациенттерге рентгенолог-дәрігер қайталап қарағаннан кейін жеткізілетін болады", -дейді.

Іс-шара барысында халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді, тұрғындарды мазалған сұрақтарға жауап беріліп, туберкулездың алдын алу мен емдеу бойынша бейнебаяндар көрсетілді.  Сондай-ақ, №29 қалалық емханада тіркелген тұрғындар үшін фтизиопульмонология орталығы және санитарлық -эпидемиологиялық бақылау комитеті мамандарының қатысуымен Ашық есік күні ұйымдастырылды. 

Елімізде, ДДСҰ соңғы ұсыныстарына сәйкес, туберкулезді анықтау мен диагностикалау үшін тексерудің барлық диагностикалық әдістемелері енгізілгенін еске саламыз. ПТР диагностикасы жолға қойылған, ол гендік деңгейде екі сағат ішінде туберкулездің бар екенін анықтауға және бірінші күннен бастап ем тағайындауға мүмкіндік береді. 

«Жоғарғы тәуекел жасындағы халық тобы скринингтен - ересектер флюрография, ал балалар мен жас жеткіншектер туберкулездік диагностикадан өтеді. Тиімді емдеу курсын жүргізу үшін пациенттер туберкулезге қарсы препараттардың қажетті жиынтығымен толық қамтамасыз етілген. Әрқайсымыз туберкулезді кез келген жерден жұқтыруымыз мүмкін екенін түсінуіміз қажет. Бұл аурудан ешкім сақтандырылмаған. Ауру неғұрлым ерте анықталса, оны емдеу неғұрлым ертерек басталса, соғұрлым ауруды емдеу әрі отбасы және жалпы қаланың эпидемиологиялық жағдайы жеңіл болады», -деп қорытындылайды Ақмира Садықова. 

Мұндай іс-шаралар өкпе ауруларын уақтылы анықтау мен емдеуге назар аудартуға, денсаулыққа жауапкершілікпен қарауға септігін тигізеді. Сонымен қатар, медициналық қызметкер мен пациентке «Біз туберкулезді жеңе аламыз» деп бірге жеңіске жетуге көмектеседі.