«Мен болмасам, онда кім?..»

 

 

 

«Хабар» агенттігінің тапсырысымен түсірілген 6 сериялы «Абай жолы» телехикаясы осы сенбі-жексенбіде көрермен назарына ұсынылмақ. «Абай жолының» шығармашылық ұжымы нені мақсат етті? Бұл туралы телехикаяның қоюшы режиссері, жас сценарист Мұрат ЕСЖАНМЕН әңгімелескен едік.

 

– Бұл – «Абай жолы» роман-эпопеясының жазылу тарихы туралы картина, – дейді Мұрат Есжан. – Мұндағы басты кейіпкерлер – Абай және Мұхтар Әуезов. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов бала күнінде Абайдан бата алған деген ақпарат бар. Тұрағұлмен, Көкбаймен араласқан, Ділдәнің, Әйгерімнің көзін көрген. Бертін келе роман жазуға ниеттенгенде Абайдың көзін көрген қариялармен көп әңгімелескен. Жиырма жылдан астам уақыт ізденген, мыңдаған адаммен кездесіп, естеліктер жинаған. Телехикаяда екі ғасырдағы қоғам келбеті, қазақ халқының басынан өткен қилы кезеңдері көрсетіледі. Сондай-ақ, романды жазып, оны жариялау кезіндегі қиыншылықтары да баяндалады. Мақсатымыз – «Абай жолы» роман-эпопеясының жазылу барысын суреттей отырып, сол арқылы әрі Абай тұлғасын ашу, әрі осы кітаптың бізге қалай жеткенін және кітаптың ғана емес, Абай мұраларының бізге өзгертілмей, мұрты бұзылмай, аман-есен табысталғанын үлкен бір оқиғаға айналдыру еді. Бағасын көрермен беретін болар.

– Көрермен демекші, Ұлттық арнадан көрсетілген «Абай» телехикаясына сын көп айтылды. Ал сіз сынды қалай қабылдайсыз?..

– Иә, сын айтылатыны анық. Мінсіз дүние болмайды. Егер адекватты, әділ сын болса, әрине, қабылдаймыз. Бірақ кейде қол жетпес, мүмкін емес нәрселер тұрғысында «неге бүйтпеген, неге сөйтпеген» деген тәріздес сындар болса, іштей аздаған реніш туындауы мүмкін.

Әуезов дегенде көбіміз оның сыртқы тұлғасына қарап жуан дауыспен, төмен тонда сөйлеген шығар деп ойлауымыз мүмкін. Мысалы, өз басым солай ойлап келіппін. Керісінше, өзінің жанды дауысы сақталған таспаларды тыңдап отырсаңыз, жіңішке, жоғары үн иесі болғанын байқайсыз. Басты кейіпкерді таңдағанда да дауысына мән бердік. Әуезовті ойнайтын актеріміздің сөйлеу мәнері өте қатты келеді. Дегенмен, біз қанша шынайылыққа жақын болсақ та, жазушынысыртқы тұлғасымен қабылдап қалған көрермен бұл жерде өз ойындағы Әуезовті іздеп, экрандағы Әуезовімізді қабылдай алмай қала ма екен деген қорқынышым да жоқ емес. Одан кейін киіз үйлер, киімдер, аттар, массовка дейміз, соларға да сын айтылуы мүмкін. Тарихи фильмдерді қазақтың байырғы өміріне барынша жақындатып, шынайы етіп түсіру үшін көп қаражат керек екені анық. Сондықтан бұл орайда көрпеңе қарай көсілуге тура келеді.

Бірақ біздің мұндағы бір артықшылығымыз – фильмде этнографиялық қателіктердің кетпеуіне барынша күш салдық. Қоюшы-суретшіміз Шаттық Батан – Алтайдан келген жігіт, көшпенді өмірді көзімен көрген. Содан кейін сценарий авторларының бірі – Ұларбек Нұрғалымұлы да қазақтың дәстүрін терең біледі. Осы жағынан да көп жұмыс істедік десек болады.

Өзіңіз Абаймен қанша жасыңызда «таныстыңыз»?

– Кішкентай күнімізден, «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңі арқылы тани бастадық қой. Ал «Абай жолын» ең алғаш 5-сыныпта оқығанмын. Ертерек, аса «дәм сезбейтін» кезде оқып қойыппын. Маған осы тұрғыда сын-пікірлер айтылатынын білемін. Жасым әлі оған келе қоймаған болуы  мүмкін. Бірақ осы фильмге кірісер алдында біз Мұрат Әуезовпен жолықтық. Ол кісіге әлі де жүрексініп, іштей толқып жүргенімді де айттым. «Негізі, сондай жастық максимализммен кіріскен де жақсы. Ештеңеден қорықпа, мен саған сеніп отырмын», – деп бір демде көтеріп тастады. Мұрат ағамыз мені танымайды, әрине. Бірақ алдында біраз әңгімелесіп, еркін пікірлескен едік. Сөйтіп, ол кісінің алдынан қанаттанып шықтық. Бізде үлкен кісілердің өзі: «Абайға үлкен дайындықпен келу керек» деп жатады. Абай туралы нағыз шебер дүниелер әлі де түсірілетін шығар. Ал дәл қазір «Егер мен болмасам, онда кім?» деген ұстанымда екеніміз де рас.

– Тақырыпқа орай тағы бір сауал: замандастарыңыздың ішінде Абайды танымайтындар бар ма?

– Жоқ! Бірақ мен мынаны көп кездестірдім: «Абай мықты» дегенімен, «несімен мықты?» дегенге келгенде көбі жауап бере алмайды. Демек, бұл – «Абайдың кім екенін білеміз, бірақ танымаймыз» деген сөз. Тіпті, менің замандастарым ғана емес, әлі де сан мыңдаған адам танымауы мүмкін. Егер біз Абайды жақсы танысақ, оның айтқанын істейтін едік. Абайдың айтқанына қарай әрекет жасар едік. Біз тіпті бір-бірімізді дос көрмей жатсақ, соның өзі – Абайды әлі танып-біле алмағанымыз.

Әңгімеңізге рақмет! Сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан Нұржамал ӘЛІШЕВА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *