Мемлекеттік  рәміздерге – 30 жыл: Айбынымызды  асырып, рухымызды шыңдайтын қасиетті құндылығымыз

Мемлекеттік  рәміздерге – 30 жыл: Айбынымызды  асырып, рухымызды шыңдайтын қасиетті құндылығымыз
mail.ru

Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамас атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Ту, Елтаңба және Әнұран мемлекеттік рәміздер болып табылады. Ал «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық  заңы 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым – Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленіп келеді. Осыған орай біз ҚР Білім және ғылым министрлігі  Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім  меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты Әуезхан Қадіржанұлы Шашаевты  әңгімеге тартқан едік.

–Рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын қаһармандығы мен өрлігін, асқақ арман-тілегін жеткізетін құндылығы. Қазақстандықтардың еркіндікке ұмтылған зор қажыр-қайратын, асқақ арман-мұратын бейнелейтін мемлекеттік рәміздеріміздің қолданылуы, насихатталуы, осы арқылы бүгінгі буынды отансүйгіштік, адамгершілік қасиеттерге баулуда ең өзекті мәселе неде деп ойлайсыз?

–Мемлекеттік  рәміздер – Ата Заң іспетті Тәуелсіздік құндылығы. Ол біздің ұлттық құндылықтарымыздың, жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің айшықты  белгісі. Биыл еліміздің ең киелі символдары саналатын мемлекеттік  рәміздерімізге 30 жыл толып отыр.

 Рәміздерімізде айбынымызды асырып, рухымызды шыңдайтын оның қасиетті құндылықтарын ұрпаққа ұқтырудың өзекті құндылықтары бар.

Бүгінде еліміздің Мемлекеттік рәміздері бүкіл әлемге кеңінен танылған. Қазақстанды осы рәміздеріміз арқылы халықаралық қоғамдастық толық мойындады. Аспанкөк түсті туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының алдында және Қазақстанның шетелдердегі елшіліктері мен өкілдіктері орналасқан ғимараттарда желбіреп тұр. Әлемдік спорт жарыстарында еліміз жастары Әнұранымызды шырқап, Туымызды биіктерден желбіретіп жүр. Міне, бұл – тәуелсіздігіміздің, дербестігіміздің жарқын көрінісі.

Мемлекеттік Ту туралы не айтуға болады? Туға көз салған жан бірден еркіндікті сезінеді. Күн астында қалықтаған қыран, аспан кеңістігі, қандай ғажап! Мемлекеттік Елтаңбамыздың да мағынасы терең. Елтаңбаны көрген  адам еліміздің тарихы мен мәдениетіне терең бойлайды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері егемендіктің, тәуелсіздіктің белгісі. 1990 жылы 25 қазанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларация» қабылданды. Осы бір саяси-құқықтық құжатты «Кіші конституция» деп атайды. Осы заңның 16-бабында «Қазақстан Республикасы мемлекеттік егемендігінің символдары –Елтаңба, Ту, Әнұран – қасиетті болып табылады және оларды қорлаудың қандайы болса да заңмен жазаланады» деп көрсетілген. Ал 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның 17-бабында «Қазақстан Республикасының өз мемлекеттік символдары – Елтаңбасы, Туы, Әнұраны бар» деп көрсетілген.  Демек, әрбір  азамат  Қазақстанның  Туын,  Елтаңбасын, Әнұранын  тұмардай қасиет тұтуы  қажет. 

–Елімізде  қабылданған  «Стратегия – 2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағдары» атты Қазақстан халқына  атты  Жолдауда толық бір тарау – қазақстандық  патриотизмге   арналған.  Бүгінгі жас буынның бойына патриотизм мен өз Отанының жетістігіне сүйініш сезімін қалай  қалыптастыруға болады?

 –Неге жастарға? Ол бәрімізге,  әрбір  қазақстандыққа  арналған.  Қазіргі    таңда    ел жастарының бойында патриоттық, отансүйгіштік сезім өте жоғары. Оның дәлелі, біздің жастарымыз бүгінде білім, ғылым, мәдениет, өркениет, коммуникация, спорт және т.б. сала бойынша үлкен жетістіктерге жетіп, әлем биігіне көтерілуде. Мемлекет тарапынан жас буын өкілдеріне айтарлықтай көңіл бөлініп, оларға  барлық мүмкіндіктер жасалуда. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша кез келген  шетелге барып білім алу мүмкіндігі, елімізде халықаралық деңгейде білім беретін оқу мекемелерінің ашылуы, халықаралық  стандарттарға сәйкес көптеген мәдени-спорттық ғимараттардың ашылуы, басқа елдермен тығыз байланыстағы жұмыстар, серіктестік қарым-қатынас мұның бәрі ұрпақ үшін жасалынып жатқан игі істер. Демек, жастар осындай мүмкіндікті пайдалана отырып, жақсы білім алып, ғылыми ізденістерге бару керек. Жастар арасында еліміз құндылықтарын, елдікті, мемлекеттілікті, ана тіліміз бен тарихымызды қастерлеу басым.

Мемлекеттік  рәміздерді құрметтеу,  ең  алдымен,  өзіңнің туған  жеріңе  деген  құрмет, ол – өз  еліңнің  тәуелсіздігін  паш  ету.  Сондықтан  Мемлекеттік рәміздерді әр  қазақстандық  танып, білуі  керек.  Оны танып, білу  білу  үшін  жылына бір  келетін мерекелік күнді  күтіп отыру  шарт  емес.  Рәміздерді  жас  ұрпақтың  жүрегінде  ұялату  үшін оны  балалар балабақшада танып,  үйренуі  тиіс. Сонда  ғана  олардың  жүрегінде  рәмізбен  бірге  Отанға,  мемлекетке, туған  жерге деген  махаббат дәні  егілмек.

Бұл  күн – ел  өміріндегі  ерекше  күн. Өйткені, мемлекеттік  рәміздер – ұлттық тұтастықтың  кепілі, Тәуелсіздіктің  негізі,  азат  елдің  негізі.  Қазақстанның  шынайы  патриоты  болу – Қазақстанды  жүрегіңде  сақтап  жүру, Отанға,  елге  қызмет  ету, Отанды  қорғау, атамекенді  сақтау. Міне,  осының  бәрі – патриоттықтың  үлгісі.

  –Еліміздің  мемлекеттік рәміздерін білу мен тану, патриотизм деңгейінің мониторингі өзгерістерді анықтауға және жұмыс сапасын талдауға мүмкіндік береді. Осы орайда, білім алушылардың отансүйгіштікке деген көзқарасы мен қатынасының өзгергенін де айта кеткен жөн болар...

–Мемлекет, мектеп және отбасы бірігіп күш салғанда ғана өскелең буынға патриоттық тәрбие берудің тиімділігі арта түсетінін түсіне білудің маңызы зор екенін  жоғарыда  айтып  өттім. Осы үштаған өзара тығыз байланыста болып, ортақ іске жауапкершілікпен қарағанда ғана ұрпақ тұлғасының толыққанды дамуына мүмкіндік ашылмақ.

Отансүйгіштікті, елжандылықты қалыптастыратын құндылықтың  бірі – мемлекеттік рәміздерді ұлықтау. Көк туымызды тулақ етіп, одан коқыс жинайтын қап жасауға дейін бардық. Ондайларды айыппұл салумен ғана жазалаумен   шектеліп отырмыз. Қазір тіпті автокөлігіне   Ресейдін туын тағып жүргендерден көз сүрінеді. Жат елдің туын көтергендердің қылығына қалай қарап жүрміз?

Қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты, жоғары мәдениетті нығайту кепілі ретінде құқық пен бостандықты кұрметтеу тақырыбы ешуақытта өзектілігін жойған емес.

Мемлекеттік рәміздер – біздің мемлекеттілігімізді, тәуелсіздігімізді білдіретін ең негізгі ұлттық символдарымыз. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – мемлекетті құрметтеу. Көк байрағымызға қатысты қоғамда келеңсіз жайттар бары рас. Бірақ атқарушы орган оған шұғыл түрде тиісті жаза қолданып, заңмен реттеп отыруы керек.  Мұндай маңызды мәселе Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінде нақты белгіленген. Сондықтан, айыппұл салу арқылы мұндай жайттарға тыйым салуға болады. Ол орталық және жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан қатаң қадағаланып, бақылауға   алынуы тиіс. Бұл мәселені шешуде оған  азаматтық қоғамды да белсенді қатыстыру керек. Аталған мәселе бойынша жаппай қоғам болып, ел болып күрескеніміз абзал. Бұл әр адамның сана-сезіміне байланысты.  Қазақстан қазір әлемнің барлық елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатып отыр. Ал жоғарыдағы  шетелдің туын тағып жүрген көліктер басқа мемлекеттің көліктері болуы да әбден мүмкін ғой. «Жол қозғалысы ережесі» бойынша жалпы  автокөліктерде ту тағуға рұқсат етілмейді. Себебі жүргізушіге жол қозғалысын бақылауда бөгет жасайды. Сондықтан Ішкі істер департаменті мұндай заңбұзушылықтарды қатаң   бақылауға  алуы тиіс. Ал жергілікті  атқарушы билік пен қоғамдық ұйымдар тарапынан оған қарсы әртүрлі  іс-шаралар ұйымдастыруы қажет.

 – Еліміз егемендігін   жариялап, Тәуелсіздік алғаннан бастап өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу міндетіне баса мән беріле бастағаны белгілі. Әсіресе, мектеп окушыларының бойына отаншылдық рухты ұялату жауапкершілігінің жүгі зор. Осы орайда, мектеп жұмысы оқушыларды белгілі бір біліммен ғана қамтамасыз етуге емес, білім саласындағы негізгі құжаттар және бағдарламалық жобалар шеңберіңде қойылған міндеттер мен мақсаттарды шешуге бағытталуы тиіс екенін естен шығармағанымыз да  абзал сияқты.

–Біздің   алдымызда Жаңа  Қазақстанның жаңа азаматын  және патриотын тәрбиелеу міндеті тұр. Жас буынға патриоттық тәрбие беруде мемлекеттік рәміздердің алар орны ерекше екені аян. Бір шаңырақ астында, ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп жатқан жүзден астам ұлт пен ұлысты біріктіруде де мемлекеттік рәміздердің үлесі айрықша.

Әрбір азамат мемлекеттіліктің тұрлауында рәміздердің мәні мен алар орнын, маңыздылығын түсіне отырып, еліміздің Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы мен Әнұранын құрметтеуді азаматтық парызым деп білуі тиіс.

Қазіргі таңда мемлекеттік рәміздер тарихына қатысты жастар арасында түрлі интеллектуалдық ойындар өткізудің де маңызы зор. Туған еліміздің Елтаңба, Әнұран және Туының қандай екендігін білу ғана емес, осы рәміздердің пайда болу тарихын зерделеп оқу арқылы өскелең буын Тәуелсіздіктің қадірін тереңірек түсінері хақ. Мемлекеттік айырым белгілері қалай пайда болғаны туралы және оның  ғасырлар бойы бізге қалай жеткендігі туралы еркін таңдау курсының «Қазақстанның рәміздері» тақырыбынан білуге болады. Оқу материалдары азаматтардың ой-өрісін дамыту, оны  тану процесінде дербестікті қалыптастыру, зерттеу біліктілігін арттыруға игі ықпалын тигізетіні анық.

Қазір жастар  арасында «Тәуелсіздігіміздің  символикалары», «Туымыз,  Елтаңбамыз,  Әнұранымыз – айбынымыз»  атты акциялар  өткізіліп  жүр.  Бұл  шара – болашағымыздың  арасындағы  мәңгілік  сабақтастығымыздың,  дәстүр  жалғастығының жарқын  үлгісі.  

Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне арналған жастар  арасында зерттеу жұмыстарын жүргізу де таптырмас танымдық құндылықтар  жүйесі болып табылады. Бұл жұмыстар  жастардың белсенді азаматтық бағытын, әлеуметтік жауапкершілігін, патриоттық сезімін, жоғары адамгершілік және көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруда тигізер әсері мол.

–Әңгімеңізге рахмет!

 Әңгімелескен Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.