Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға қатысты жаза күшейе түспек

Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға қатысты жаза күшейе түспек
Сурет: Inform.kz

Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға салынатын айыппұл мөлшерін 3 мың АЕК-ке дейін ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр.

Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды Almaty-almaty.kz 

Айта кетейік, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған сенаторлар мемлекеттік рәміздерді қорлау бойынша заң баптарын барынша қатайтуды, белгіленген айыппұл мөлшерін екі есе көбейтуді және жаза мерзімін 5 жылға дейін ұзартуды талап еткен болатын.

«Қазір Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» туралы 372-бабында көзделген жауапкершілікті қатаңдатуды, соның ішінде ең жоғары айыппұлды 2 000-нан 3 000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту және қоғамдық жұмыстарға тартудың ең ұзақ мерзімін 600-ден 900 сағатқа дейін ұлғайту бойынша түзетулерді мүдделі мемлекеттік органдар пысықтап жатыр», - делінген Әлихан Смайыловтың жауабында.