Мемлекеттік банк құру ұсынылды

Мемлекеттік банк құру ұсынылды
Сурет: Аdnyfinance.com

Банк секторына қатысты өзгерістер сөз болды

Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров елдегі қаржы нарығын оңалту үшін мемлекеттік банк құруды ұсынды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

 Оның пайымынша, бұл банк ауыл шаруашылығы, құрылыс және өнеркәсіп саласына маманданған болуы керек. 

«Қазақстан халық партиясының фракциясы геосаяси себептер мен елдегі банк саласын басқарудағы әлсіздіктердің кесірінен банк дағдарысы белең алып келеді деп есептейді. Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргенімізге қарамастан, ресейлік банктерден басқа ірі банктер Қазақстанда жұмыс істеуге кірген жоқ. Қазіргі санкцияларға да сол ресейлік банктердің еншілес банктері тап келіп жатыр. Кейінгі бес жылда Қазақстанның банк саласында оларға тиесілі активтердің көлемі 15 пайызға дейін өсті. Ресейлік еншілес банктердің салымдарының көлемі 3 трлн 500 млрд теңгеге дейін көбейді», - деді Айқын Қоңыров бүгін Мәжілістің жалпы отырысында.

 Осыған орай бірқатар ұсыныс айтылды.

 «Біз жаһандық монетарлық билік өкілдері Ресей Федерациясының серіктес елдердің қаржылық секторына салатын санкцияларды қаншалықты қатайтатынын білмейміз. Қазақстан осы санатқа жатады. Осыған байланысты Қазақстан халық партиясы банк секторын түбегейлі қайта жүктеуге үндейді. Салымшылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тәсілін түбегейлі өзгертуді ұсынамыз. Мемлекеттік бағдарламалар мен Ұлттық жобаларды іске асыру үшін мемлекет қаражатын коммерциялық банктер мен квазимемлекеттік институтаттар арқылы бөлуден бас тарту қажет. Қазақстанда агроөнеркәсіп кешені, құрылыс және өнеркәсіп салаларындағы мемлекеттік банк құруды ұсынамыз. Ол банктің басым бағыты валюта биржасындағы алыпсатарлық пен Ұлттық банк ішінде салым құю емес, экономиканы дамыту болуға тиіс», - деді депутат.