Мемлекетшіл болу – мәртебе

Мемлекетшіл болу – мәртебе
dalanews.kz

Парламентте елдік, ұлттық құндылық тұла бойында тұнып тұрған азаматтар болуы қажет

«Біз көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамын жасақтаймыз. Бұл қадам мәслихаттар мен Парламент жұмысының тиімділігін арттырары сөзсіз. Болашақта Үкімет құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің дауысын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіруі мүмкін. Мұндай тәсіл атқарушы билікке бүкіл қоғамның талап-тілегін ескеретін тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.


Қазақ мемлекетінде саяси өзгерістер жүзеге асуда. Ел еңсесін тіктейтін игі бастамалар қолға алынып жатыр. Әлеует пен әлеуметтік салада қарқын байқалады. Ең бастысы, атқарылып жатқан істер жүйелі, сапалы, артық шығынсыз орындалады деген ниеттеміз.

Бұқара мен билік – егіз ұғым. Мұны әркім әрқилы топшы­лайды. Шындығында, арасында тас қамал жоқ. Осы екеуі бірлескенде қоғам дамып, жаңа белестерді бағындырары ақиқат. Тауып айтылған сөз деп білеміз. Елге белгілі, жұрт сөзін тыңдайтын тұлғалар жетерлік. Әділ қоғам құру ісінде алдыңғы буын ағалардың ой-пікірі маңызды. Осыған орай, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы-драматург Дулат ИСАБЕКОВПЕН әңгімелескен едік.

 

ЖАҚСЫ ҰҒЫМДЫ ЖАҚЫНДАТАЙЫҚ

– Әділ қоғам құру үшін қайтпек керек?

– Әділет сөзінде үлкен мән-мағына бар. Түсінген жан артық ойланып жатпайды. Қоғамның саулығы үшін іспен қимылдайды. Қордаланған мәселенің шешімін табады. Біздің уақытта өткен-кеткен олқылықтың орнын толтыру маңызды. Олай етпеске шара жоқ.

Саясатта идеология дейтін ұғым барын білесіздер. Алыс­тан бұра тартпай, қарапайым тілмен айталық. Елімізде жақсы істер жасалуда. Ескі мен жаңа деп бөле берудің қажеті шама­лы. Иә, бұрын олқылық кетсе, оны бүгін түзеуіміз керек. Уақыт бір орнында тұрмайды. Нағыз Әділетті Қазақстан құ­рамыз десек, барлық салада даму үдерісі жүргені дұрыс. Ол экономика, саясат, әлеумет және т.б.

Осы күні жақсы жаңалықтарды көп естиміз. Игілікті іс­терді көбірек айта бастады. Бірақ өткен күн бәрібір тарих. Кеткен кемшіліктен сабақ алып, жарқын болашақтың жолын айқындайық. Мұның уақыты тап қазірге тура келіп тұр. Жат­сақ та, тұрсақ та ойлайтынымыз елдің қамы болуы міндет.

 

САЯСИ ЭЛИТА ҚАЖЕТ

– Сайлаудан қандай өзгеріс күтесіз?

– Елімізде ауқымды өзгеріс орын алу үстінде. 19 наурыз­да Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлауы өткелі жатыр. Бұл – жауапты кезең. Жеңген париялар депутаттық мандат­тарға ие болады. Қанша дегенмен, жаңа лептің екпіні болады. Олар көп нәрсені өзгертеді деп топшылаудамыз.

Осы жолғы саяси дода сәл өзгерек. Бұған түсетін канди­даттарға қойылған талап ерекше. Ол жағы бір әңгіме. Менің үмітім бірмандатты үміткерлерде. Яғни мажоритарлық жүйе бойынша науқанға араласпақ. Партияға тәуелсіз болудың айырмашылығын айтайық. Әлгі бірмандаттан сайланса, өз ойын ашық білдіреді деп сенеміз. Жеке-дара адамның түсуі қуантады. 30% депутаттар саяси дода алаңында тәуір бастама жасайтын шығар. Міне, осы жағынан келгенде көңілде зор үміттің лебі маздап тұр.

Саяси процесс саяси өзгерісті орнатады. Құр сөзден гөрі нақты іске көшейік. Жәй әншейін дақпырт ұзаққа апар­майды. Мемлекет те, қоғам да ақыл-парасатына құлақ асатын тұлға сайланса екен. Биліктің заң шығарушы органында тұлғаның бәсі жоғары болса игі болмақ. Әрбір саяси шешімнің көші ұлттық мүддеге сай келуі шарт.

Саяси элита қалыптастыратын кез жетті. Ұдайы АҚШ, Еуропа, жалпы сырт елді мысалға келтіреміз. Солардың жақ­сы жақтарын алайық.

Парламент – өте ықпалды институционалдық құрылым. Англия басшысы болып Лиз Трасс келіп еді, оны ұнатпай парламенті шешім шығарып, қызметінен алды. Оның орнына Риши Сунак бекітілді. Өткенде ол көлігінде белдік тақпапты. Бұқаралық ақпарат құралдары шулап қоя берді. Премьер-Ми­нистр өзінің қателігін мойындады. Сөйтіп, оған айыппұл са­лыныпты. Демек, Ұлыбритания, Америка Құрама Штаттары сынды дамыған державалар Конституция шеңберінде қызмет қылады. Бәрін заңмен шегелеп қойған. Уағында АҚШ-тың Конгресі Дональд Трампқа импичмент жариялады. Бүгінгі Джо Байденнің жағдайы да белгілі. Саралай келгенде, Парла­ментте елдік, ұлттық құндылық тұла бойында тұнып тұрған азаматтар болуы қажет. Сонда олқылықтың орны толады. Ойға алған орамды ойлар жүзеге асады.

Тұлғалардан депутат сайлауға әбден болады. Ол үшін тұлғаларда ниетті болуы керек шығар. Талпынбасаң ештеңе шықпайды. Алға ұмтылсаң, түбі бір жақсылық істеуге мүмкіндік туады. Саяси элита қалыптастыру заман мен уа­қыттың алдымызға қойған өзекті талабының бірегейі. Ерте ме, кеш пе, мұны жүзеге асыру қажет болады. Бар ниетіміз жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты тежеу. Елдің өз нанын өзіне беру. Қазынаға қол салдырмау. Бастысы, мақсат бар, ниет түзу, бағдар айқын. Болашақта жаңа бетбұрысқа мойын бұрып, ғажайып дүние іске асады деп ойлаймыз.

 

ХАЛҚЫҢА КӘДЕЛІ ІС ҚЫЛ

– Мемлекеттік қызметші дегеніміз кім?

– Бұл сауалың алдыңғы оймен сабақтасады. Мемлекеттік құрылымның ережесі бар. Таңғы 9.00-ден кешкі 18.00- ге дейін жұмыс кестесі берілген. Аптасына 5 күн. Осы уақытты тез өткізуді емес, осы аралықта еліме, халқыма қандай пайдам тиді деп түйсінуі парыз. Сонда ғана халқыңа кәделі іс қылған болып саналасыз.

Мемлекеттік қызметшінің алдында «Осы мемлекеттің дамуы үшін бүгін не істедім, не бітірдім?» деген сұрақ тұруы керек. Тек іс қағаздарымен шұғылдана беруден іс өнбейді. Күнделікті мөр басып, қол қойдыра беруден не пай­да?! Егер әр құжаттың мәтіні, мағынасы қазақ қоғамын ілгерілетуге пайдасын тигізсе, кәде деген сол.

Ежелгі рим философы Сенека «үрей патшалардың сақшысы» дейді. Бүгінгі мемлекеттік қызметкер ертеңгі елдің тізгінін ұстайтын мемлекет басшысы. Бұл – анық аксиома!

Елімізде «300 президенттік кадр резерві» бар. Жуырда осы тізімнен министрлер тағайындалды. Жас азаматтардың билік басына келгеніне қуаныштымыз. Ұлттық мүдде мен мемлекет ісінің аражігін ажырата білу қажет.

Дәлірек:

Саясат, экономика мемлекетті танытады.

Ал әдебиет пен өнер ұлтты танытады.

Мемлекетті дамытудың саяси және ұлттық ерекшелігіне терең бойламай, ілгері басу қиын. Бұрынғыдай Мәскеу­ге бағынбаймыз. Тәубе! Өз тізгініміз өзімізде. Мемлекеттік қызметші, ұлтың үшін жұмыс істе. Бәріміз солай етсек, ешкім аларып қарай алмайды.

 

ДЕМОГРАФИЯҒА ДЕМЕУ КЕРЕК

– «Ана капиталын» енгізетін уақыт келді ме?

– Әрине, келгенде қандай! Бүгінде «Ана капиталын» енгізетін уақыт келді. Демографияға мемлекет, ауқатты адам­дар тарапынан демеу керек. Көп балалы болуға жас отбасы­ деген ұғым ұшырасады. Жаңсақ пікір дер едім. Қашан «Ана капиталын» мемлекеттік бағдарлама етіп енгіземіз, сол уа­қыттан бастап халықтың демографиялық ахуалы түзеледі деп сенеміз. Ұлан-байтақ даланы игеретін, сауатты, білімдар, іс­кер ұрпақ қалдыру ерлік болар еді.

 

ЖАСТАРҒА КӨҢІЛІМ ТОЛАДЫ

– Жастарға нендей ақыл-кеңес айтасыз?

– Айналайын қазағымның ұл-қыздары-ай?! Бәріңе риза­мын! Ең негізгісі, өздеріңе сеніңдер. Данышпан Абай «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» дейді. Осыдан артық аталы сөз болмас. Қазір осы ұстанымды ұстап тірлік қылса, біраз жемісті де, жеңісті жол бар сияқты. Жақсылықтың сәулесі қылаң беріп келеді. Өйткені, жаңа ұр­пақ өсуде. Өзін әділ әрі белсенді ұстай алса, ол мемлекетті де басқара алады.

Жастар әр салаға бейім болса деймін. Біреуі саясатқа икемделсе, екіншісі мемлекет тізгінін ұстаса, үшіншісі биз­неспен шұғылданса екен. Бүгінде осы айтылғандарды іске асырып жүрген жастар бар сияқты. Шетелде оқып келгендері де өте білімді. Мінеки, мен де Алаштың алып тұлғасы Мағ­жан Жұмабаев сияқты «мен жастарға сенемін» деп қосар едім.

Түйіндеп айтқанда, менің жастарға көңілім толады. Ал­ғыр, зерек ұрпақты көргенде, көңілдегі күдік сейіледі. Қарақ­тарым, әділ, ашық, бәсекеге қабілетті мемлекет жүйесін құра­тын қазақы рухты, отаншыл, елім, жерім дейтін мына сендерсіңдер.

Қазақ мемлекетінің әскери, экономикалық, ең бастысы, рухани тұғыры мықты болсын!

Әңгімелескен Олжас ЖОЛДЫБАЙ.