Мемлекетке қайтарылған жерлер кімге беріледі?

Мемлекетке қайтарылған жерлер кімге беріледі?
Сурет: Assembly.kz

Ресми мәліметке сәйкес, мемлекетке 3,84 млн. гектар жер қайтарылды.

Жылдың соңына дейін тағы 1,16 млн гектарды қайтару жұмысы аяқталады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерін тарату тәртібін түсіндірді.

«Негізі, осы жерлердің 90 пайызы – жайылымдар, қалғаны – егістік. Қазір барлығы мемлекет меншігіне рәсімделді. Енді, заң бойынша жергілікті билік - әкімдіктер оны таратуды бастайды. Әрине, жайылым жерлері жетіспей тұрған шаруаларға басымдық беріледі», - деді Қарашөкеев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде республика бойынша жайылым жерлеріне деген қажеттілік 15 миллион гектарды құрап отыр.

Жалпы, 2023 жылдың соңына дейін пайдаланылмайтын және заңсыз берілген 10 млн. гектар ауыл шаруашылығы жерлері бойынша нақты шешімдер қабылданады деген жоспар бар. Алайда осы жұмысты орындау үшін қосымша 200 маман қажет.

Алайда тексерістен кейін жерді пайдалануға кірісетін шаруалар да бар. Мәселен, тиісті шаралар қабылданғаннан кейін 1,3 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері игеріле бастады.