Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты - Президент

Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты - Президент
Сурет: Inform.kz

Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Қазір Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Әлеуметтік, экономикалық және демографиялық ахуал мүлде басқа. Бүгінгі сын-қатерлер де, міндеттер де бөлек. Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты. Бұл мәселеге 2019 жылғы Жолдауымда кеңірек тоқталдым. «Қуатты өңірлер - қуатты ел» деген ұстаным өзекті. Осы орайда еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымның оңтайлы болуы өте маңызды», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті бұған дейін Шымкенттің республикалық қалаға айналғанын, облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілгенін атап өтті.

«Сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп аталды. Бұл қай жағынан алсақ да дұрыс болды. Оны халық өте жылы қабылдады. Мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда осы үрдістің жалғасатынын айтқан едім. Содан бері азаматтарымыздан көптеген ұсыныс келіп түсті. Менің тапсырмам бойынша оның бәрі мұқият зерделенді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.