Мемлекет жастарды жұмыспен қамту бойынша бірнеше бастаманы жүзеге асырып жатыр – Еңбек министрлігі

Мемлекет жастарды жұмыспен қамту бойынша бірнеше бастаманы жүзеге асырып жатыр – Еңбек министрлігі
сурет: Gov.kz

Жастардың бизнес-бастамалары үшін грант бөлінеді 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Нұр-Сұлтан қаласының жастар ұйымдарының белсенді өкілдерімен және жас кәсіпкерлермен кездесті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Министр Мемлекет басшысының жастарды жұмыспен қамтуға қатысты берген тапсырмаларын орындау бойынша министрлік жүргізіп жатқан жұмыс бағыттары және жас кәсіпкерлердің бизнес-бастамаларын қолдау жөнінде айтты. Жастар ұйымдарының белсенді өкілдерімен кездесуде Тамара Дүйсенова мемлекет жастарды жұмыспен қамту бойынша бірнеше бастаманы жүзеге асырып жатқанын айтты. Қазір Электрондық еңбек биржасында 105 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылған. Сондай-ақ биржада Ұлттық жобалар бойынша бос жұмыс орындарының бірыңғай платформасы іске қосылған. Министр жұмыспен қамтуға бағытталған тағы бір маңызды шара – жастарды ірі өндірістік кәсіпорындарға жұмысқа орналастыру жобасы туралы айтты. Оған алғаш болып ERG компаниялар тобы қосылып, бос жұмыс орындарының тізімін Электрондық еңбек биржасына орналастырды. Алдағы уақытта биржада бос жұмыс орындарын ұсынатын компания саны артады. 

«Өткен айда Электрондық еңбек биржасында Қазақстандағы алғашқы онлайн еңбек жәрмеңкесін өткіздік. Шара 35 жасқа дейінгі жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталған. Жәрмеңкеге 23 ірі компания, банк және сауда желісі қатысып, 1330 бос жұмыс орнын ұсынды. 3,5 мың резюме келіп түсті. Қазір жұмыс берушілер үміткерлерді іріктеп жатыр. Жәрмеңке тұрақты түрде ұйымдастырылады», - деді Тамара Дүйсенова. 

Жас кәсіпкерлермен кездесуде министр еңбек нарығына 2000 жылдардың басында дүниеге келген буынның шыға бастағанын айтты. Алдағы уақытта жыл сайын 300-400 мың жас маман еңбекке араласады. Осылайша жұмыс күшінің құрылымы өзгеріп келеді. Қазір жастар икемді жұмыс кестесін және жеке даму мүмкіндігіне көбірек мән береді. Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жастарды жұмыспен қамтуға қатысты берген тапсырмалары бойынша министрлік 8 бағыт бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. 

«Жастарды жұмыспен қамту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жас кәсіпкерлерді қолдау болып табылады. Жастарға өз кәсібін бастау үшін жеңілдікпен (2,5%) несие беріледі. Сондай-ақ жастардың бизнес-бастамаларын жүзеге асыру үшін грант бөлінеді», - деді министр. 

Кездесу барысында жастар ұйымдарының өкілдері өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, еңбек нарығын дамытуға қатысты ұсыныстарын білдірді. Өз кезегінде Тамара Дүйсенова кездесуге қатысушыларға жұмысқа орналасу мүмкіндігіне қатысты өзекті ақпаратты құрдастарына жеткізуді ұсынды. Ал жас кәсіпкерлерді министр цифрландыру, икемді жұмыс кестесі және өзге де мәселелер бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Тамара Дүйсенова, жастар ұйымдарының көшбасшылары және жас кәсіпкерлер осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізуге келісті.