Мемлекет ШОБ жауапты нысандарының жұмысы үшін барлық жағдайды жасайды

Мемлекет ШОБ жауапты нысандарының жұмысы үшін барлық жағдайды жасайды
Сурет: COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК телеграм каналы

Бүгін COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов осылай деді.

 Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов ASHYQ жобасына белсенді қатысатын бизнес-қоғамдастық өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді, деп хабарлайды  Almaty-akshamy.kz

 Бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылды және бүгінгі таңда өзінің тиімділігін көрсетті.

 COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК телеграм каналының хабарлауынша, кеңеске мемлекеттік органдардың басшылары, барлық өңірлердің әкімдіктері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және ASHYQ жобасының көшбасшылары қатысты.

 Вице-премьер еліміздегі эпидемиологиялық жағдай өте күрделі екенін, 16 өңір «қызыл аймақта» тұрғанын атап өтті. Еліміздің емдеу стационарларындағы төсек-орындардың толымдылығы 54%-ке жетті. Денсаулық сақтау жүйесі өткен жылмен салыстырғанда екі есе артық жүктемемен жұмыс жасауда. Коронавирустық инфекцияны таратпау жөніндегі жағдайды басқару, кәсіпкерлер тарапынан елдегі күрделі жағдайға түсіністікпен қарауы және жәрдемдесуі пандемиямен күресте өте маңызды фактор болып табылады.

 ASHYQ жүйесі аясындағы жұмыс әлеуметтік-экономикалық нысандардағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды бақылауға алып қана қоймай, бизнестің функционалын жоғалтпауға, жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік берді. Бизнес өкілдері өз тарапынан карантин жағдайында жұмыс істеуге мүмкіндік бергені үшін алғыстарын білдіріп, өздеріне алған барлық міндеттемелерді одан әрі сақтауды жалғастыратындығын және әріптестерін де осыған шақыратындарын жеткізді.

 «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов өз сөзінде: «Біз  экономиканың дамуын, сондай-ақ 2 млн-нан астам адам жұмыс  жасайтын қызмет көрсету секторындағы шағын және орта бизнестің жұмысын тоқтатпау үшін әрқашан кәсіпкерлердің адал жұмысын ұстанамыз. Мемлекеттің сенімді әрі жауапкершілікті бизнеске қолдау білдіргеніне ризамыз»,- деді.

 Сондай-ақ, кәсіпкерлер екі аптаның мониторингі бойынша 2-9 тамыз аралығында үздік көрсеткіштерге ие болған жүйе көшбасшыларына демалыс күндері жұмыс істеуге мүмкіндік беруді қарастыру туралы бастама көтерді. Бұдан бөлек, ASHYQ жобасы көшбасшыларының қоғамдық қозғалысын құру туралы шешім қабылданды.

 Ералы Тоғжанов мемлекет ШОБ жауапты нысандарының жұмысы үшін барлық жағдайды жасайтынын айтты. Табыс табу мен азаматтардың денсаулығын қорғау арасындағы тепе-теңдікті табу қажеттілігіне шақырды. Сондай-ақ, ол қалыпты өмір тірлішілігіне қайта оралудың жалғыз жолы-вакцинация екенін және ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін иммунизацияның маңыздылығы туралы кең ақпараттық саясат жүргізу керектігін атап өтті. 

 Кездесуді қорытындылай келе, Премьер-Министрдің орынбасары жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, барлық айтылған бастамаларды пысықтауды және қажет болған жағдайда коронавирустық инфекцияға жол бермеу жөніндегі ВАК отырысына келісілген ұсыныстар енгізуді тапсырды.