Мемлекет басшысы журналистерді кәсіби мерекемен құттықтады

Мемлекет басшысы  журналистерді кәсіби мерекемен құттықтады
Сурет: Ozon.ru

2011 жылдың 20 қазанындағы Жарлық бойынша, 28 маусым - Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні болып белгіленді.


Кәсіби мерекеге орай, ел Президенті журналистерді құттықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Аkorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Құрметті журналистер, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері!


Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!


Ақпарат саласы – қоғамдық пікір қалыптастыратын маңызды сала.


«Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» ретінде елге адал қызмет ету – әр журналистің абыройлы міндеті.

   
Сіздер қашанда ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, ел қамы үшін қалам тартып жүрсіздер.


Мемлекетшілдік құндылықты дәріптеп, жасампаздық пен жақсылықтың жаршысы болып келесіздер.


Ақпарат саласын дамытуға мемлекет тарапынан қашан да ерекше көңіл бөлінеді.


Өз кәсібінің майталманы болған қарымды журналистерге қолдау көрсетіледі.

  
БАҚ саласындағы дәстүрлі Президент сыйлығы – соның бір көрінісі.


Оның иегері атанған азаматтардың есімі қазақ журналистикасының жылнамасына жазылатыны сөзсіз.


Жыл сайын ең таңдаулы журналистерге берілетін марапат осымен жиырма бесінші рет табысталып отыр.


Бұл сыйлыққа қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында ие болудың да символдық мәні бар.


Сіздер егемендік жылдарында ұрпақтың бойына азаттық рухын сіңіруге зор үлес қостыңыздар.  


Мен мемлекет пен қоғамның ортасында  алтын көпір болып жүрген журналистердің еңбегін жоғары бағалаймын.


Әрқайсыңыз шынайы ақпарат таратудың жауапкершілігін сезініп, ұлттық мүдденің биігінен көріне береді деп сенемін.


Еліміз берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтың арқасында өсіп-өркендей түссін!


Журналистер жағымды жаңалығымен жұртшылықты қуанта берсін!


Баршаңызға шығармашылық шабыт, толағай табыс тілеймін!


Мереке құтты болсын! - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.