Мемлекет басшысы жастарға үндеу жасады

Мемлекет басшысы жастарға үндеу жасады
Сурет: Altyn-orda.kz

Тоқаев өзінің бұл үндеуі еліміздегі әрбір жастың жүрегіне жететініне сенім білдірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жұмыс сапары барысында өскелең ұрпақты білімге, ғылымға құштар болуға шақырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ақордаға сілтеме жасап.

«Бір сөзбен айтқанда, еңбекқорлық – қазіргі заманда бізге аса қажет құндылық. Осы қағиданы кеңінен дәріптеуіміз керек. Менің мұны Семей төрінде тұрып айтуымның өзіндік себебі бар. Өйткені, бұл – әрдайым жас ұрпақты жақсылыққа, жаңашылдыққа жетелеген жер», - деді президент.

Тоқаев өзінің бұл үндеуі еліміздегі әрбір жастың жүрегіне жететініне сенім білдірді.

«Шын мәнінде, қазір – білім мен ғылым салтанат құрған заман. Мұны дәлелдеудің еш қажеті жоқ. Әлемдік экономикада жоғары технологиялық өнімдерді жасап шығаратын компаниялар алға шықты. Бұл – ғылым келешектің бет-бейнесін анықтайды деген сөз», - деді ол.

Мемлекет басшысының пікірінше, тың идея мен озық ой кез келген саланы өркендетеді.

«Өскелең ұрпақ білімге, ғылымға құштар болуы керек. Осыны жан-жақты дәріптеуге мемлекет қана емес, бүкіл қоғам және әрбір азамат атсалысуға тиіс. Өркениетті мемлекетті тек білімді азаматтар ғана қалыптастыра алады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жуырда АҚШ-та жұмыс істеп жүрген жастармен кездескенін, олар білім алуға деген ынта-жігері мен еңбекқорлығының арқасында әлемнің әр түкпірінде табысқа жеткенін атап өтті. Ол осындай жастарды үлгі тұтуға шақырды.