Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы оқу орындарын аралап көрді

Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы оқу орындарын аралап көрді
Сурет: Akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының Студенттер үйінде оқу орнының оқытушыларымен және студенттермен кездесті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. Ақордаға сілтеме жасап.

Институт ректоры Ерболат Саурықов оқу орнының маман даярлау ісіндегі жетістіктері мен алдағы даму жоспарын таныстырды. 2019 жылы бұрынғы «Тараз» қонақ үйі реконструкцияланды, қайта жасақталған жатақханада 500 студентке барлық жағдай жасалған.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің білім саласына айрықша мән беріп отырғанын атап өтіп, бүгінде білім аламын деген адамға мүмкіндік мол екенін айтты.

– Еліміздің болашағы – жастар. Жаңа буын, жаңа толқын өсіп келеді. Білім алу өте маңызды. Абайша айтқанда, «толық адам» дегеніміз – ойы ұшқыр, зерек, білімге құштар адам. Әр нәрседе қанағат болуы керек. Бірақ білімге келгенде, қанағат болмауы керек. Әрдайым іздену керек. Еліміздің болашақта дамып, көркейген елге айналуы, алдымен, сіздерге байланысты. Біз сіздерге сенеміз, үлкен үміт артамыз. Баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Байзақ ауданында жаңадан ашылған Көктал орта мектебіне де барды

Мектеп материалдық-техникалық жағынан толық жабдықталған: 32 оқу кабинеті, 4 компьютер кабинеті, 2 лингофон кабинеті, робототехника кабинеті, спорт залы, шеберхана, кітапхана, медициналық пункті және асханасы бар. Мектепте маңайдағы ауылдардан қатынап оқитын балалар үшін көлік тасымалы ұйымдастырылған. 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жамбыл облысында 9500 орындық 13 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның сегізі келесі жылы пайдалануға берілуі тиіс. Жалпы, Президенттің тапсырмасымен 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында республика бойынша 800 мың оқушыға арналған 400-ден астам мектеп салынады.