Мемлекет басшысы Корея Республикасының Сыртқы істер министрін қабылдады

Мемлекет басшысы Корея Республикасының Сыртқы істер министрін қабылдады
Сурет: Akorda.kz

 Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Пак Чжин екіжақты стратегиялық серіктестіктің қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Корея арасындағы сауда, инвестиция және технология салаларындағы өзара қарым-қатынастардың, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Өздеріңізге мәлім, Корея біз үшін Азиядағы негізгі серіктестердің бірі ретінде өте маңызды. Екіжақты ынтымақтастық бағытындағы барлық жетістікті жоғары бағалаймыз. Сонымен қатар екіжақты сауда көлемі 6 миллиард доллардан асқанына өте қуаныштымын.  Дегенмен бізде мол мүмкіндік бар. Оны болашақта пайдалану қажет. Сондықтан сіздің бұл сапарыңыз – өзекті халықаралық мәселелер жөнінде өзара пікір алмасу үшін жақсы мүмкіндік. Қазақстан мен Кореяның негізгі халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдары ортақ. Халықаралық аренада да, екіжақты форматта да бізді жақындата түсетін көптеген ортақ істеріміз бар деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы KIA автомобиль өндірісін, Hyundai зауытының жұмысын, ферроқорытпа және болат өндірісін, «Ақылды ферма» жобасын және басқа да бастамаларды мысалға келтірді. Президент елдеріміз арасында екіжақты қарым-қатынастың берік институттық желісі қалыптасқанына назар аударды. Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақ-корей үкіметаралық комиссиясы мен Іскерлік кеңес осы байланыстарға дәнекер болып отыр. Бұл ретте Мемлекет басшысы аталған құрылымдардың әлеуетін толық пайдалануға шақырды.