Мемлекет басшысы Есеп комитетінің төрағасын қабылдады

Мемлекет басшысы Есеп комитетінің төрағасын қабылдады
Сурет: Akorda.kz

Президентке Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне берген тапсырмаларының орындалуы туралы баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2021 жылы жүргізілген аудиторлық және сараптамалық-талдау жұмыстарының негізгі қорытындылары туралы мәлімет берілді. Былтыр жалпы 32 триллион теңгеден астам бюджет қаражаты бойынша 155 нысанға 21 аудиторлық тексеру жүргізілген. Анықталған барлық заң бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданып, оның материалдары құқық қорғау органдарына жолданды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап. 

Наталья Годунова Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында квазимемлекеттік секторға жүргізілген аудиттің аяқталғанын, арнаулы экономикалық аймақтардың қызметіне, жер ресурстарын басқару жүйесіне, Токиодағы Олимпиада ойындарына дайындыққа және пандемиямен күреске бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуына бағалау жүргізілгенін хабарлады.

Кездесу қорытындысы бойынша Президент жаңа экономикалық саясатты іске асыру және мемлекеттік аудит жүйесін дамыту аясындағы Есеп комитетінің қызметіне қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.