Мемлекет басшысы бірнеше елшінің қызметін ауыстырды

Мемлекет басшысы бірнеше елшінің қызметін ауыстырды
Сурет: Еgemen.kz

Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше тағайындау жасады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстанның бірнеше елдегі төтенше және өкілетті елшісі тағайындалды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының Жарлығы Ақорда сайтында жарияланды.

Президент Жарлығына сәйкес, Абзал Сапарбекұлы Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымынан, Албания Республикасында елші қызметін қоса атқарудан босатылды.

Оның орнына Еркебұлан Сәпиев Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Ол енді Түрікменстандағы елші қызметін атқармайды.

Орнына Асқар Тәжібаев тағайындалды. Тәжібаев бұған дейін Тәжікстандағы төтенше және өкілетті елші болатын. Президент Жарлығына сәйкес, бұл қызметке Уәлихан Төреханов тағайындалды.

Қазақстанның Канададағы төтенше және өкілетті елшісі Ақылбек Камалдинов Қазақстанның Куба Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарудан босатылды.

Бұл міндет Андриан Елемесовке жүктелді.