Мектепті сатқан әкім кім?

Мектепті сатқан әкім кім?
Сурет: Yandex.kz

Кеше депутат Мақсат Толықбайдың Қарасай ауданындағы мектептің жеке қолға өтіп кеткені туралы мәселе көтергенін хабарлағанбыз.

Журналист Диас Нұрақын мектепті қай әкім сатып жібергені туралы құжаттарды жариялады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Алматы облысы Қарасай ауданы, Шалқар ауылындағы Ломоносов атындағы 250 орынға арналған, жалпы ауданы 1585 шаршы метр болатын ғимарат 15 млн 224 мың теңгеге сатылған.

«Алматы облысындағы 15 миллион теңгеге сатылған мектепті кім сатқаны, кімнің сатып алғаны бәріңізге қызық шығар, иә? Онда төмендегі құжаттарға үңіліп көріңіз. Аумағы 75 сотық, жалпы ауданы 1585 шаршы метр болатын даңғарадай ғимарат расымен небәрі 15 млн 224 мың теңгеге сатылыпты. Сатып алушының арманы жоқ шығар. Мынадай ақшаға тауық қора тұрғыза алмайсың ғой мына заманда. Аудан әкімі сатылсын деген қаулы шығарып берген екен. Білім бөлімінің басшылары комиссия құрамында болыпты. Мақсат Толықбай көтерген мәселені тереңдеп қазсаң, талай дөкейдің арты ашылайын деп тұр. Екі айдың ішінде мектеп мемлекет меншігіне өтеді деп сенемін!» - деп жазды Диас Нұрақын өзінің Фб парақшасында.

Журналист жариялаған құжаттарда төлемшінің аты-жөні Шерхан Әлібекұлы деп көрсетіледі. Мемлекеттік нысанды Қарасай тұрғын үй құрылысы деген компания сатып алған. Шерхан Әлібекұлы деген азаматтың ЖСН-ына қарағанда, ол - 1998 жылы туған азамат.

«Қарасай тұрғын үй құрылысы ЖШС-ның теңгерімінде тұрған Қарасай ауданы, Шалқар ауылы, Абай көшесі, 9 үй мекенжайында бос тұрған ғимаратты және алаңы 0,7500 га болатын жер учаскесін сату мәселесі заңда белгіленген тәртіпке сәйкес сатылуға келісілсін», - делінген Қарасай ауданы әкімі міндетін атқарушы Ж.Тәжиев шығарған 2018 жылғы қаулыда.
Қаулының жүзеге асырылуына әкімнің орынбасары Н.Сатубеков деген шенеунік жауапты болған.

Ғимаратты кәсіпкерге өткізіп беруге келіскен және қабылдаған комиссияның құрамында Қарасай ауданы білім бөлімінің басшысы Г.Т. Такимова, осы бөлімнің бас есепшісі Г.С. Шалапанова мен Қарасай тұрғын үй құрылысы компаниясының директоры Б.Б. Балтабеков болған.