Мектептерді күрделі жөндеуге қаражат бөлінді

Мектептерді күрделі жөндеуге қаражат бөлінді
сурет: Inform.kz

Алматы облысында биылғы жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдамайтын мектептердің күрделі жөндеу жұмыстарына қанша қаражат бөлінгені белгілі болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Мәселен, Талдықорған қаласындағы Островский атындағы мектеп 850 орындық. Білім ордасының күрделі жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 827, 8 млн теңге бөлінген. Ал Қарасай ауданының Қаскелең қаласындағы Белинский атындағы мектепке жергілікті бюджеттен 1 млрд 220 млн теңге жұмсалған. Бұл білім шаңырағы 1266 орындық. Сондай-ақ, Талғар қаласындағы №3 мектепке де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 1178 орындық білім ордасын жөндеу үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд 169 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, Райымбек ауданындағы Тұзкөл ауылындағы 392 орындық Мұсақұлов атындағы мектептің күрделі жөндеу жұмысына жергілікті бюджеттен 200 млн теңге қарастырылған. Ал, Ақсу ауданындағы Сағабүйен ауылындағы 624 орындық Тоқтаров атындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 200 млн теңге жергілікті бюджеттен бөлінген. Панфилов ауданындағы Қорғас ауылындағы 320 орындық мектептің күрделі жөндеу жұмысына республикадан 351,4 млн теңге, ал жергілікті бюджеттен 39,1 млн теңге қаржы бөлінген. Осы ауданның Сарыбел ауылында 500 орындық Кобикова атындағы мектептің күрделі жөндеу жұмысына республикадан 784,6 млн теңге, жергілікті бюджеттен 87,2 теңге жұмсалған. Ал, Жамбыл ауданыдағы Тарғап ауылындағы 392 орындық мектептің күрделі жөндеу жұмысына республикадан 554,1 млн теңге, жергілікті қазынадан 61,5 млн теңге, Алакөл ауданының Жанама ауылында 624 орындық мектептің күрделі жөндеу жұмысына жергілікті бюджеттен 608,5 млн теңге бөлінген.

Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Адамбекованың сөзінше, 9 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары желтоқсан айына дейін аяқталады. Ал күрделі жөндеудің кешігуіне қаражаттың кеш бөлінуі себеп дейді ол.