Мектептердегі емтихан мен «Алтын белгіге» қатысты өзгерістер енгізіледі

Мектептердегі емтихан мен «Алтын белгіге» қатысты өзгерістер енгізіледі
сурет:egemen.kz

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың жаңа бұйрығының жобасы әзірленді.

Орыс сыныптарында оқитын балалардың мемлекеттік тілді білуіне қатысты талаптар күшейтіледі, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz inbusiness.kz сілтеме жасап.

Мектепті «Алтын белгімен» бітірген түлектердің басым бөлігі мемлекеттік тілде сөйлемейді. Себебі, орыс мектептерінде үздік оқитын оқушылар қазақ тілінен емтихан тапсырғанда мұғалімдер «Алтын белгі» үміткерлеріне көбінесе жұмсақтық танытады. Осыған байланысты Оқу-ағарту жаңа министрі Ғани Бейсембаевтың жаңа бұйрығының жобасы әзірленді. 2008 жылғы 18 наурыздағы №125 бұйрыққа өзгерістер енгізіледі.

«Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында негізгі орта деңгейде, яғни 5-8 сыныптарда және жалпы орта деңгейде, яғни 10 сыныпта қазақ тілі бойынша емтихан енгізіледі. Атап айтқанда, 2023-2024 оқу жылынан бастап, осы сыныптарда академиялық жылды аяқтаған кезде қазақ тілінде оқытатын мектептерде – «Қазақ тілі» пәні бойынша, ал орыс және басқа тілдерде оқытатын мектептерде – «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша емтихан енгізіледі», – деп қысқаша түсінік берді министрлік.

Бұл рәсім 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

Ведомство дерегінше, мектептердің жоғарғы сыныптарындағы қазақ тілі бойынша жаңа емтихан оқу бағдарламасын меңгеру қорытындысы бойынша жазбаша және ауызша нысанда қатар өткізіледі. Оның барысында тіл үйренуді бағалаудың жаңа форматтары қолданылады. Мысалы, орыс және басқа тілде оқитын жоғарғы сынып оқушылары қазақша аудиожазбаны тыңдап, одан түсінгенін ауызша баяндауы, мәтінді мәнерлеп оқуы, жазбаша тапсырмаларды орындауы шарт.  Осылайша, орыс сыныптарында оқитын балалардың мемлекеттік тілді білуіне, «Алтын белгі» үміткерлеріне қатысты талаптар күшейтіледі.