Мектепке директор болудың жаңа тәртібі қандай?

Мектепке директор болудың жаңа тәртібі қандай?
Сурет: Blog.iteam.ru

Бұл сұраққа жауап берген ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook желісіндегі парақшасында жаңа тәртіпті түсіндірген жазба жариялады.

Министрдің мәлімдеуінше, енді мектеп директорының міндетін атқарушы болып үш айдан артық істеуге болмайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Мектеп директорларын тағайындаудың жаңа тәртібіне тоқталып өтсем. Шын мәнінде, бұл – мектеп директорлары, оқу меңгерушілері, педагогтер және сарапшылармен бірлесе бір жылдан аса уақыт атқарған тынымсыз жұмыстың нәтижесі. Біріншіден, енді мектеп директорының міндетін атқарушы болып үш айдан аспайтын және бір реттен артық емес мерзімде ғана істеуге болады. Осы кезеңде конкурс өткізіліп, жаңа басшы тағайындалуы керек», – деп жазды министр.

Аймағамбетовтің айтуынша, мектеп директорының бос немесе уақытша бос лауазымына конкурс туралы хабарландыру бос орын пайда болғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде білім басқармасының ресми сайтында және аккаунтында орналастырылуы керек.

«Осылайша бос немесе уақытша бос директор лауазымына конкурс жарияламай-ақ, жылдар бойы директордың міндетін атқарушы болып жұмыс істеп жүре беруге енді жол берілмейді», – деді ол.

Оның хабарына қарағанда, бүгінгі таңда елімізде мектеп басшысы лауазымына 700-ден аса бос жұмыс орны бар және, сәйкесінше, ол жерлерде директордың міндетін атқарушы адамдар жұмыс істеп жүр.

«Екіншіден, ережеде директордың уақытша бос лауазымына (бала күтіміне байланысты демалыс, оқу және т.б.) тағайындау регламенттеледі. Мұндай жағдайларда да ұйым басшысы тікелей тағайындау емес, конкурс арқылы анықталады. Үшіншіден, енді директор лауазымына конкурсты аудандық білім бөлімдері емес, облыстық Білім басқармалары өткізеді. Яғни, конкурстық рәсімдерді ұйымдастырады және директорларды анықтайды. Содан кейін директордың кандидатурасы бойынша құжаттар еңбек шартын жасасу үшін білім бөліміне жіберіледі. 5 жылға тағайындалады», – деп жазды министр.

Аймағамбетовтің айтуынша, байқау бірнеше кезеңнен тұрады:

кандидаттардың директор лауазымына құжаттарды тапсыруы;

Білім басқармасындағы кадр қызметінің кандидаттың біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалауы, конкурсқа қатысуға рұқсат беруі;

үміткерлерге арналған электрондық тестілеу (басқарушылық құзыреттер, педагогика, психология, ҚР Заңнамасы бойынша тестілеу);

оқу орнының Қамқоршылық кеңесінің алдында мектептің даму жоспарын қорғау (тестілеуді сәтті тапсырған жағдайда);

Білім басқармасындағы әңгімелесу (Қамқоршылық кеңесінің алдында мектептің даму жоспарын сәтті қорғап шыққан үміткерлер жіберіледі).

«Қамқоршылық кеңестерінің құрамына ата-аналар, педагогика саласының еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері, Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді. Барлық кезеңнен өткен үміткермен білім бөлімі тиісті еңбек шартын жасап, оны директор етіп тағайындау туралы бұйрық шығарады», – деді Аймағамбетов.