«Мектепке дайынбыз»

«Мектепке дайынбыз»
Суретті түсірген Қайрат ҚОНЫСБАЙ.

Ештеңеге бейжай қарамайтын алматылықтар оқу жылының басында мұқтаж отбасылардың балаларына қажет құралдарды жинауға көмектесуде.

«Мектепке жол» акциясы аясынан біз де шет қалмадық. «Alataý Aqparat» ЖШС-не көп балалы ана Раиса Савельевадан хат келіп түскен болатын.

– Менің екі қызым мен үш ұлым бар. Қазір оларды мектепке дайындауға шамам жетпейді. Көп қаражат керек. Алдымен көмек сұрап мектепке барғанмын, бірақ олар қол ұшын созбады. Ақыры осы мәселе жөнінде сіздерге жазуды ұйғардым, – деп мұңын шақты көп балалы ана.

– Мені елеп-ескерер деп үміттенгенмін. Мен сіздердің газеттеріңіздің тұрақты оқырманымын. Instagram парақшаларыңызға да жазылғанмын. Көрсетіп жатқан көмектеріңізге куәмін. Мен сіздердің ұйымдарыңызға оқу құралдары түріндегі баға жетпес сыйлық үшін ризашылығымды білдіремін, өте қуаныштымын.

Енді Савельевтер отбасының оқушылары оқу жылын бастауға, білім алуға дайын.

– Бір баланың өзін мектепке дайындауға 100 мыңнан астам ақша кетеді, менің күйеуімнің бір жалақысына қарап отырмыз. Әрине, біз балаға мүгедектік бойынша жәрдемақы аламыз. Менің қызымда көбелек синдромы бар. Оның терісі өте нәзік, дені сау адам үшін түк емес зақым менің қызым үшін ауыр зардаптарға әкеледі. Ай сайын арнайы жақпа майлар мен дәрілерге қыруар қаражат кетеді. Біз кез келген көмекке разымыз және көмек көрсетемін деушілерге алғысымыз шексіз. Сіздерге тағы да рахмет!

Савельевтер отбасына көмектескісі келетіндер біздің редакцияға хабарласып, олардың байланыс телефондарын ала алады.