МЕГАПОЛИС – МҮМКІНДІКТЕР МЕКЕНІ

МЕГАПОЛИС – МҮМКІНДІКТЕР МЕКЕНІ
almaty-akshamy.kz

Алматы қаласының  әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполис  экономикасын, кәсіпкерлікті дамытуды, ШОБ өкілдеріне  қолдау көрсетуді  және мыңдаған жұмыс орны құрылатын Индустриалды аймақтың маңыздылығын үнемі атап өтеді.

Алматы – кәсіпкерліктің қазаны қайнаған мүмкіндіктер қаласы. Мұнда ірі өнеркәсіптен бастап, шағын және орта бизнестің түрлі нысандары шоғырланған. Оңтүстік астананың индустриялық аумағында  жыл соңына дейін 823 жұмыс орнын құрайтын 40,3 млрд. теңгеге 9 жоба іске асатын болады. Әсіресе, қазақстандық өнім шығарушы компанияларға түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, 2019 жылы «Даму» қорының  дәстүрлі  өндірушілер көрмесіне қатысқан  «RISMI group» компаниясы - қазіргі таңда Қазақстан аумағында аэрозоль өнімдерін шығаратын жалғыз кәсіпорын. Болашақта олар автокөлік бағыты бойынша тауар позицияларының 30-дан астам атауын шығаруды жоспарлауда. Қазірдің өзінде тауарлардың 17 түрі шығарылады, қалған 13 позиция 2021 жылдың соңына дейін өңделетін болады.

Індет пен міндет

Қандай бизнес түрі болмасын, тәуекелдер орын алмай қоймайды. Әсіресе, бүкіл еліміз бойынша төтенше жағдайдың жариялануы қарапайым адамдарға ғана емес,  бизнес нысандарына да  үлкен соққы болды. Тұтынушылар қауымы тек жеке тұлғалардан тұратын жас компания да бұл тығырықтан шығатын жолдарды іздеу қиынға соққанын айтады. Тіпті, қызметкерлерді таратуға тура келген, бірақ басшылық ешкімді жұмыстан шығармаған. Әйтеуір, бір айдан кейін өндірісті жалғастыруға рұқсат беріліп, бұрынғы жұмыс режимі қалыпқа келген. Сондай-ақ, өндіріс Алматы қаласынан 50 шақырым жерде орналасқандықтан, қызметкерлерді тасымалдау үшін жолаушылар "Газелі" сатып алынды, карантиндік шараларға сәйкес жұмыс орындары дайындалды.

Өндіріс қарқыны

Қазір компанияның балансында аэрозоль өнімдерін шығаратын үш желі бар, үшеуі де толықтай іске қосылған. Бір желінің қуаттылығы – бір түрдегі өнімнің 3000 данасы. Өндіріс меншігіндегі зауытта 50-ден астам адам жұмыс істейді. Барлық қызметкерлер қауіпті компоненттермен жұмыс істеу үшін арнайы оқытудан өткен, оны дәлелдейтін куәліктері бар. Жалпы, сатылымға ұсынылатын тауарлардың арасында аэрозоль өнімдерінің 25 позициясы, 20 еріткіш және 20-дан астам автопарфюм түрлері бар. Қазақстан халқы тауарды кез келген қаладан сатып ала алады. Сондай-ақ, өнімді тарату ауданы жыл санап ұлғаюда. Ресей мен ТМД қазірдің өзінде біздің Алматы маңында шығарылған отандық тауарды пайдалануда.  

Аталған компанияда 10-нан астам жеткізуші бар. Олардың ішінде біраз серіктес компаниялармен он жылдан астам уақыт бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, ресейліктерден жоғарыда аталған өнімдерді дайындауда аса қажетті химия алынады екен. Ал Қытайдан химияның бір бөлігі, негізінен жабдықтар мен бүріккіш бөтелкелер әкелінеді.

Технологиялық үрдіс формуласы

Компания ауданы 2350 шаршы метр болатын аэрозоль өнімдерін шығаратын өз зауытын іске қосқаны бұған дейін де хабарланған болатын. Оның ішіне әкімшілік ғимарат, өндіріске арналған 3 цех пен шикізат пен дайын өнімге арналған бірнеше қойма, сонымен қатар, қоспаларға арналған бірнеше резервуарлар орнатылған. Өнімді әзірлеумен компания директорының өзі айналысады, оның өзіндік өнім жасау технологиясы бар. ЖШС стандарты бойынша, директор барлық сандар мен пропорцияларды өндіріске технологқа береді, ол өз кезегінде сынақ даналарын жасап, өнімді сынайды, талдау жүргізеді. Барлық сынақтардан өткеннен кейін ғана технологиялық процестің формуласын директор бекітеді. Егер сынақ барысында қандай да бір өзгерістер болса, ақпарат директорға жіберіледі. Өз кезегінде оң өзгерістерді басшылық растаған жағдайда технологиялық процесс әрі қарай жалғасып, өнім өндіріске жіберіледі.

Қазақстан нарығында 15 жыл, өндіруші ретінде 10 жыл еңбек етіп келе жатқан бұл өндіріс ошағы тауарлардың сан түрлілігімен, ең бастысы, қазақстандық брендтің танылуына өз үлесін қосып жатқан алматылық бизнестің әлеуетінің бейнесіне айналып отыр. Соңғы уақыттары компания импорттық шикізаттан толық бас тартуды көздеп отыр. Мұның барлығы мемлекеттік, жергілікті билік органдары мен кәсіпкерлердің өзара түсіністікке  құрылған тығыз жұмысының арқасы.