Медицина саласындағы менеджменттің маңызы зор
Елбасы өзінің кез-келген Жолдауларында жастар мәселесіне айрықша мән беріп, олардың дамыған елдердің жастарымен терезелері тең, білімдерінің терең болу керектігін айтып келеді. Бұл әсіресе, Президентіміз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында өте терең айтылып, жеткізілген. Елбасы өзінің осы мақаласында үш тілділік мәселесін, адамзатқа ортақ оқулықтарды аударып, оны оқу орындарының оқыту бағдарламасына ендіруді талап еткен болатын. Жуырда «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы бойынша шет тілінен қазақ тіліне аударылған алғашқы 18 оқулықтың тұсаукесері болып өткені белгілі. Бүгінде сол оқулықтар студенттер арасында кең талқыланып, олардың білім беру саласында пайдаланудың маңыздылығы жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салуда. Осындай талқылау С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жалпы медицина факультетінің 02-22 тобының студенттері арасында өтті. Университеттің шет тілі және кәсіби шет тілі кафедрасы оқытушыларының ұйымдастыруымен ағылшын тілі пәні сабағында өткен талқылау кезінде студенттер аударылған оқулықтар төңірегінде ғана емес, рухани жаңғыру бағдарламасы төңірегіндегі, осы бағдарламадағы үш тілділік, қазақ тілінің дәрігерлердің кәсіби тілі болып саналатын латын әліпбиіне көшірілуі және «Жүз жаңа оқулық» бағдарламасы аясында аударылған Томас Грифиннің «Менеджмент» оқулық кітабы төңірегінде пікір алмасып, ойларын ортаға салды. Қазіргідей ғылым мен техника дамып, инновация дәуірлеп келе жатқан заманда жастардың сол жаңалыққа ілесіп отыру қажеттілігін білетін болашақ дәрігерлер медицинадағы менеджментті дамытудың маңыздылығына айрықша тоқталды. Елімізде медицина қарқынды дамып, жоғары технологиялық үрдістер кеңінен қолданылып жатқанымен, сол жетістіктерді дәріптеп, өзге елге өнеге етудің кемшін түсіп жатқандығын айтып жеткізген 02-22 топтың студенттері қазақ тіліне аударылып, оны оқыту талап етіліп отырған Томас Грифиннің «Менеджмент» кітабы тек экономикалық бағыттағы оқу орындарында ғана емес, медициналық білім беретін оқу орындарында да оқытылуын қуана қабылдайтындықтарын жеткізді. Талқылау сабағы барысында студенттер Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы туралы қазақ, орыс, ағылшын тілінде шығарма жазды.
Г. ҚАЙРАҚБАЕВА,
С. Ж.Асфендияров атындағы
Қаз ҰМУ-нің шет тілі және кәсіби шет тілі кафедрасының оқытушысы.