Медиасауаттылық – заман талабы

Медиасауаттылық – заман талабы
Суреттерді түсірген - К.Қонысбаев

Кәсіби журналист, жалпы бұқаралық ақпарат саласының қызметкері үшін сауатты жазу, сөйлеу аздық етеді. БАҚ маманы жан-жақты білімді, медиасауатты болуы – қазіргі заманның басты талабы. Медиасауаттылық деген не? Дәл осы ауқымды ұғымды түсіндіру мақсатында күні кеше «Alataý Аqparat» ұжымына «KazMediaNetwork» қоғамдық бірлестігінің мамандары келіп тренинг өткізді.

«Alataý Аqparat» медиахолдингі директорының уақытша міндетін атқа­рушы Гүлжазира Амангелдіқызының арнайы шақыртуымен келген білікті мамандар, медиасарапшы Бақытгүл Бурбаева мен белгілі журналист Есен­гүл Кәпқызы медиасауат бойынша білімді журналистерге барынша кең және түрлі әдістермен түсіндіруге ты­рысты. Мамандар «Журналистің этика­сы», «Зиянды медиаәдеттер» тақыры­бында дәріс оқыды. Сондай-ақ, олар «Almaty aqshamy» және «Вечерний Алматы» газеттерінің журналистері мен vecher.kz, almaty-akshamy.kz сайт­тарының қызметкерлері арасында MediaQuiz ұйымдастырды.

Ең алдымен, «медиа» деген сөздің не екенін анықтап алайық. Бұл сөз ағылшынның «medium» деген сөзінен шыққан, ақпарат жеткізетін кез келген коммуникация құралы деген мағынаны береді. Қазіргі ақпарат ғасырында ме­диасауат кез келген адамға аса қажет дүниенің бірі. Неге? Өйткені, өзіміз күнде қолданатын газет-журнал, радио, телевизия, интернет, кітап пен смарт­фон, көше бойындағы жарнама, тіпті фильмдер мен ойындар, барлығы ме­диаға жатады. Осы ақпарат құралдары­нан әр секунд сайын адамдар сансыз ақпарат алады. Ақпарат ағынының қарқындылығы соншалық, адамның миы бәрін сүзгіден өткізіп, қорытып үлгермейді. Ал кәсіби журналистің міндеті – ақпараттардың қоғамға, адам­дарға зияны тимейтіндей етіп, зерттеп, зерделеп, дереккөзін анықтап, ақпарат­тың не мақсатта таратылып отырғаны­на көз жеткізіп барып жариялау. Ақпа­рат көп болған сайын қайсысы ақиқат не жалған екенін анықтау да оңайға соқпайды.

Көп жағдайда журналистердің факт пен фейкті, пайдалы және зиянды ақпа­ратты, дұрыс ақпарат тілі мен ғадауат (өшпенділік) тілін бір-бірінен ажырата алмауы салдарынан қоғамда түрлі ке­леңсіздіктер белең алады. Айталық, ұлтаралық қақтығыс, зорлық-зомбы­лық, біреудің ар-намысына тию, өлім- жітім секілді жағдайларға бұрмаланған ақпараттар жеткізеді. Сондай-ақ, жур­налистік этиканың сақталмауы қоғамға зор зиянын тигізеді.

Қазір екінің бірі қолындағы смарт­фон арқылы ақпарат тарата береді, мыңдаған оқырманы бар блогерлердің ақпараттарды оңды-солды таратуының салдарынан қазіргі таңда әлем бойын­ша ақпарат майданы болып жатқанын білеміз. Кәсіби журналистің басқалар­дан айырмашылығы да сол, олар жур­налистік этиканы сақтауға міндетті.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы журналистер 2020 жылы ме­диабірлестік жасаған журналистің ме­диаэтикасы туралы норманы пайдалана алады. Медианың негізгі қағидаларын жүзеге асыру мақсатында елімізде Бұ­қаралық ақпарат құралдарының өзін- өзі реттеу жөніндегі қоғамдық комитет құрылған.

– Медиасауаттылық – уақыт талабы және елдің ақпараттық қауіпсіздігін қорғаудың кілті. Бүгінде ақпараттың таралуы көз ілестірмейді. Көрші елдер­дегі жағдайларға байланысты кейбір жалған ақпараттар еліміздің тұрақты­лығына қауіп төндіруі мүмкін. Алаяқ­тық, кибербуллинг, қоқан-лоқы көрсету, жағымсыз үгіт-насихат секілді қауіптің барлығы ақпараттың қасақана немесе білімсіздіктен дұрыс берілмеуіне бай­ланысты өршиді. Осындай келеңсіздік­тердің алдын алу үшін біз Қазақстан­дық Медиа Желі/Kazakhstan Media Network қорын құрған едік. Бірнеше жылдан бері ел аумағында көптеген БАҚ қызметкерлерінің медиасауатын көтеру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Біздің мақсатымыз – еліміздегі медиа­ның кәсіби біліктілігін арттыру, сауа­тын жетілдіру, журна листердің қауіпсіздігін, құқығын қорғау. Редак­циялардағы даулы мәселелерді сотқа дейін жеткізбеу, – дейді «Қазақстан Медиа желісі» қоғамдық бірлестігінің басшысы Бақытгүл Бурбаева.

Қазақстандық Медиа Желі/Kazakhstan Media Network қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, белгілі журналист Есен­гүл Кәпқызының айтуынша, қоғамда ме­диасауаттылықтың деңгейін көтермесе, салдары өте қауіпті болады.

– Бүгінде адамдар ғаламтордан оқы­ған, әлеуметтік желіде тараған, ватсап арқылы келген кез келген ақпаратқа сеніп, алданып қалып жатады. Қоғамда медиасауаттылықтың төмендігінен туындайтын ең қарапайым мысал осы. Бұқаралық ақпарат құралдарында тара­ған ақпараттардың өзі кейде адамды адастырады. Айталық, қазіргі ток-шоу­ларға кішкентай балаларды кейіпкер ретінде отырғызып қойып, «бұл баланы шешесі тастап кеткен», «мына әйел зорлық көрген» деп ел-жұртқа жария етеді. Ал сол баланың ертеңгі тағдыры не болады, ол ертең жұрттың мазағына айнала ма, әлде оны біреулер мүсіркей ме, оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Ме­диасауаттылыққа қатысты көптеген мысал келтіруге болады. Қазіргі таңда басылымдар немесе сайттар болсын, ақпаратты бірінші болып беруге тыры­сады. Асығыс жасалған, әр жерден көшірілген ақпараттың дереккөзі, не мақсатты көздейтіні тексерілмейді. Бі­реудің жеке өмірін, суреттерін рұқсат­сыз жариялау белең алған. Сондықтан медиа саласындағы о сындай ке­леңсіздіктерді өзіміз өз ішімізде реттеп, бір-бірімізді дұрыс бағытқа бұрмасақ, ешкім біздің елдің ақпаратты қ қауіпсіздігіне жауап бермейді, – дейді Есенгүл Кәпқызы.

Журналистерге арналған жиын со­ңында медиасарапшылар қатысушылар арасында MediaQuiz ұйымдастырып, медиа саласындағы фактчекинг, ме­диамейкинг, фейк, верификация, фи­шинг секілді көптеген терминдердің анықтамасын түсіндіріп берді. Ойынға белсенді қатысып, сұрақтарға дұрыс жауап бергендерге сыйлықтар табыс етілді.