Медеу-Шымбұлақ жолы жабылды

Медеу-Шымбұлақ жолы жабылды
Сурет: Baq.kz

Себебі  Медеуден Шымбұлаққа баратын жолда 20 текше метр тас құлаған.

Қазір жол жабық, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Оқиға 12 сәуірге қараған түні болған. «Қазселденқорғау» ММ Алматы өндірістік қалалық пайдалану басқармасы филиалының маманы «Мохнатка» тауы маңында, Медеу бөгетінің тұсынан 300 м жоғары (Шымбұлаққа барар жолда) жерде көлемі шамамен 20 м3 тас опырылып түскенін анықтаған.

Жауын-шашын мен көшкін қаупіне байланысты алдын ала қойылған блокбекеттердің арқасында адамдардың зардап шегуіне жол берілмеді.

Тастардың көп бөлігі қорғаныс қабырғасының ішінде құлаған, алайда қорғаныс қабырғасы, сондай-ақ қорғаныс торлары зақымданған, 2 тіреу майысқан.

Таудан тастардың қайта құлау қаупіне байланысты «Қазселденқорғау» ММ мамандары «Медеу» табиғи паркі КММ автожол учаскесін толық жабу туралы ұсынымдар берді. Қазіргі уақытта жол (Медеу-Шымбұлақ) жабылды. Қаланың арнаулы қызметтері жұмыс істеп жатыр.

Алматы қалалық ТЖД мен «Қазселденқорғау» алматылықтарды, туристер мен мегаполис қонақтарын «Қазгидрометтің» жауын-шашын туралы болжамына байланысты тауға барудан бас тартуға шақырады. Сонымен қатар, тауда қалған туристерге барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.

Егер сізге көмек қажет болса, 112, 109 немесе 8 (727) 372 -15-60 (ҚР ТЖМ РЖҚЖ ММ кезекші-диспетчерлік бөлімшесі) желілеріне қоңырау шалу қажет.