Медеу ауданындағы 28 көшенің жолдары орташа жөндеуден өтті

Медеу ауданындағы 28 көшенің жолдары орташа жөндеуден өтті
Сурет: Сioclub.kz

101 жаңа автобус сатып алынды.

Алматы әкімі Ерболат Досаев үстіміздегі жылы Медеу ауданындағы жол инфрақұрылымы қалай өзгергенін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

« Биыл ұзындығы 27,2 км болатын 28 көшедегі жолдар орташа жөндеуден өтті. Сондай-ақ, ұзындығы 18,1 км 12 көшеге тротуар салынды. Келесі жылы ұзындығы 55,5 км 39 көшедегі жолдарға орташа жөндеу жүргізіліп, ұзындығы 28,5 км 22 көшеге тротуар салынды», - деді қала басшысы.

Сонымен қатар, әкімнің айтуынша, биыл 9 маршрутты жаңарту үшін 101 жаңа автобус сатып алынды.

«Бүгінгі таңда 4 маршруттың (№69 – 18 автобус, №201 – 24 автобус, №12 – 16 автобус, №71 – 10 автобус) автобустары жаңартылды, 5 маршруттың автобустары жыл соңына дейін (№5, №5а, 5б, 5в – 8 автобус және №205 – 25 автобус) жаңартылады. Биыл қосымша 1 маршрут іске қосылды (№100 – 34 автобус). Бұдан басқа келесі жылы Қалдаяқов көшесінен «Геолог» бау-бақша серіктестігіне дейін 1 жаңа маршрут іске қосылады», - деді Ерболат Досаев.

2023 жылы аудан аумағында 6 жаңа аялдама кешені салынады . Осы айдың соңына дейін  20 көшені жарықтандыру жұмыстары аяқталады. Әкімнің айтуынша, Медеу ауданының көшелеріне, оның ішінде бау-бақша серіктестігіне - барлығы 86 көшеге 2025 жылдың соңына дейін толық жарық жүргізіледі.