Медеу ауданында жыл соңына дейін 355 камера орнатылады

Медеу ауданында жыл соңына дейін 355 камера орнатылады
Сурет: 7-su.kz

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында адамдар көп жиналатын жерлерде 213 бейнебақылау камерасыжұмыс істейді.

Бұл туралы бүгін қала әкімі Ерболат Досаевтың Медеу ауданы тұрғындармен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Жыл соңына дейін аудан аумағында барлығы 355 камера орнатылады, оның ішінде Сіздердің өтініштеріңіз бойынша Кеңсай шағын ауданы мен «БХБ» және «Барвиха» барларының жанында  камералар орнатылды», - деді Ерболат Досаев. 

 Бұдан басқа, қазір жолдардың бойы мен көше қиылыстарында 123 «Сергек» камерасы бар (57-і желілік учаскелерде, 66-ы – көше қиылыстарында). Қосымша тағы 58 камера орнатылады (45-і - желілік учаскелерде, 13-і – көше қиылыстарында), жұмыстар 2023 жылдың ІІ-ші тоқсанында аяқталады.

Интернет және мобилді байланыс

«Өткен кездесулерде Кеңсай шағын ауданындағы мобилді байланыс пен Интернеттің сапасын жақсарту мәселесі көтерілді. Бүгінгі таңда «Кселл» мобилді байланыс операторының 2 базалық станциясы күшейтілді. Сондай-ақ, «Beeline» және «Tele2» компаниялары жылдың соңына дейін 2 станция орнатады», - деді қала әкімі Е.Досаев.

Сондай-ақ «Меганет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Интернеттің талшықты-оптикалық байланыс желісінің кабельдерін жүргізуде. Монтаждау жұмыстары 
2023 жылдың IV-ші тоқсанында аяқталады.

Мұзтау шағын ауданында байланыс сапасын жақсарту бойынша осындай жұмыстар жүргізілуде. Жыл соңына дейін бір базалық станция жаңғыртылады.